Дубайдағы қазақстандық ЭКСПО павильонын басқарып келген корпоративтік қор жабылды

Жарияланды (жаңартылды )
Сауда министрлігі Дубайдағы павильондарды басқарып келген корпоративтік қорды таратты / Фото: Асқар Ахметуллин

Жоғары аудиторлық палата Мәскеуде көрме, Дубайда ЭКСПО павильондарын басқарып келген корпоративтік қорды таратты. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі хабарлады.

Қор немен айналысқан?

«Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясы» АҚ құрылымын оңтайландырып, «Қазақстан» Сауда-көрме орталығы» еншілес корпоративтік қорын таратты», – делінген баспасөз хабарламасында.

Аудиторлар Cауда және интеграция министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының жұмысын тексерген. Тексеріс барысында Ұлттық компанияның екі бірдей корпоративтік қоры бар екені анықталған:

  • Біріншісі «QazExpoCongress» корпоративтік қоры;
  • Екіншісі «Қазақстан» Сауда-көрме орталығы» корпоративтік қоры.

«QazExpoCongress» корпоративтік қоры арқылы Ұлттық компанияны нысаналы қаржыландыру жүзеге асырылып келген.

Ал «Қазақстан» Сауда-көрме орталығы» корпоративтік қоры Мәскеу мен Дубайдағы көрмелерді басқарған. Мәскеуде «Халық шаруашылығы жетістіктері» көрмесі, Дубайда ЭКСПО-2020 қазақстандық павильондары бар.

Қор неге таратылды?

Аудиторлар екі коммерциялық емес ұйымның жұмыс жүктемесінің аз екенін және жекелеген функциялары қайталанатынын ескеріп, екі компанияның қатар жұмыс істеуін орынсыз деп тапқан. Бұдан соң, Сауда және интеграция министрлігі мен «QazExpoCongress» ұлттық компаниясына тиісті шешім қабылдау жөнінде ұсыныс жіберілген.

«Нәтижесінде Ұлттық компания Министрлікпен келісім бойынша «QazExpoCongress» КҚ-ның қарамағына қолда бар мүлікті, ғимараттарды, сондай-ақ шарттар бойынша міндеттемелерді бере отырып, «Қазақстан» Сауда-көрме орталығы» КҚ-ны тарату туралы шешім қабылдады»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 2024 жылдың мауысымында Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ЭКСПО ғимараттарына жұмсалған қаржыға аудит жүргізілетінін хабарлады. Сонда бас аудитор ЭКСПО өзін-өзі ақтады деп айта алмайтынын жеткізген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз