Миллионерлер дауы: Ыдырысов пен Сәрсенов 13 жыл бойы алтын өндіретін компания үшін таласып келеді

Жарияланды
Ыдырысов ол келісімнің қысыммен жасалғанын алға тартты./коллаж, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Forbes Kazakhstan тізіміндегі бизнесмен Рашит Сәрсеновтің ұлы Эльдар Сәрсенов полицияға шағым түсірді. Ол миллионер Дінмұхамет Ыдырысов пен Бағалы қағаздар орталық депозитарийінің үстінен арызданған. Оның пікірінше, алтын өндіруші мекеме – AltynEx Company Ыдырысовтың иелігіне заңсыз  өткен.  Алайда, полиция тергеу жүргізіп, ешқандай ілік таппапты.  

Бір қызығы, бұл алтын өндіретін кәсіпорынның қожайындары әлденеше рет өзгерген. Бұл өзгерістердің дау-дамайсыз өтпегені де анық.

Даудың басы

2000-жылдардың басында MAG компаниясы құрылады. Иелері ауысқан сайын оның ұйымдастыру формасы, яғни, ЖШС-дан АҚ-ға, АҚ-дан ЖШС-ға өзгереді. 2005 және 2006 ­жылдары MAG Дінмұхамет Ыдырысовтың иелігінде болады. Ортақ иелері ретінде Марат Сүлейменов пен Гүлмира Сатыбалдының күйеубаласы Абай Жүнісовтің аты аталады.

Ыдырысовтың «Ордабасы» корпорациясы Рашит Сәрсеновке тиесілі болған BSB қаржы-өнеркәсіптік корпорациясына тұрғын үй кешенін салуға мердігер атанған. Бірақ артынша оның орнына сауда-ойын сауық орталығын салуды ұйғарады. Қаржы бөлінеді. 2012 жылы MAG мердігер ғимараттың іргетасын құяды. Бірақ бұдан кейін нысан сол күйі бой көтермей қалған.

AltynEx Сәрсеновке қалай өтті?

2018 жылы BSB қаржы-өнеркәсіптік корпорациясы құрылыс салынуы тиіс болған 2,3 гектар жер телімі мен 81,4 млрд теңгесін қайтарып беруді талап етеді. «Ордабасының» директорлар кеңесінің мүшесі Уәлихан Нұрмұхамедов бұл істе айыпталушы болған. Ыдырысов қорғануға құқығы бар куәгер ретінде тартылған.

Ыдырысов ақырында Сәрсеновтің компаниясымен медиативті келісім жасаған. Басты шарт – Ыдырысовқа тиесілі ­ AltynEx Company есебінен қарызды өтеу. Сөйтіп, Рашит Сәрсенов аталған компанияның иесі болып шығады.

Алайда іс мұнымен бітпеді

Бес жылдан соң, 2023 жылы Ыдырысов бұл мәмілені жарамсыз деп тануды талап етіп, Алматының Бостандық аудандық сотына талап-арыз түсіреді. Ол келісімнің қысыммен, қылмыстық қудалау арқылы қорқытып-үркітумен жасалғанын алға тартты.

2023 жылы наурызда бұл талап-арызға AltynEx ортақ иелері Ержан Достыбаев, Анастасия Березина және Шыңғысхан Рысбаев қосылған. Ыдырысовке бірқатар психологиялық сараптама жасалған. Сот құжаттарында даулы компанияның құны 176,2 млрд теңге тұратыны, дау тудырған қаржыдан жеті есе көп екені, бірақ тергеушілер тобы Сәрсеновке беруге қатаң талап еткені көрсетіліпті. Бұған қарамастан, сот «алтын өндіру компаниясын бизнесмен өз еркімен тапсырды» деп қорытынды жасайды. Ыдырысов аппелляциялық шағым түсіреді.

Ыдырысовтың компанияны қалай қайтарып алды?

2024 жылы қазан айында Алматы қалалық соты мәмілені жарамсыз деп тапты. Өйткені, компанияны берген кезде бірқатар заң нормалары бұзылған көрінеді. Ол кезде AltynEx-тің жалғыз иесі Рашит Сәрсеновтің ұлы Эльдар Сәрсенов болды. Эльдар әкесі мен Ыдырысов арасындағы дау-дамайға араласпаған. 2024 желтоқсанда Бағалы қағаздар орталық депозитарийі алтын өндіру мекемесінің акциясын Ыдырысовтың атына рәсімдейді.

Эльдар Сәрсенов полицияға хабарласты

«Курсивтің» сауалына полиция бұл деректі растады. Полиция Эльдар Сәрсеновтің арызы 2024 жылы 30 желтоқсанда түскенін, оның Ыдырысовтың «заңсыз» әрекетіне шағымданғанын айтқан. Алматы қаласының Бостандық ауданында шағым тіркелген. Бір аптадан кейін шағым бойынша «қылмыстық құрам жоқ» деген шешім қабылданып отыр.

AltynEx Company – 2015 жылы Ақтөбе облысында тіркелген компания. «Юбилейное» кенішінде алтын өндіреді. 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша қаржы есебінде компания активтерінің құны 33,6 млрд теңге деп көрсетілген.

Сондай-ақ оқыңыз