Маңғыстауда 15 млрд теңгеге Bozjyra Safari қонақүйін салмақшы
Туризмді дамыту комитеті «2025-2029 жылдарға Маңғыстаудағы туристік зонаны дамыту бойынша кешенді жоспар» атты құжат жариялады. Бұл жоба 2025 жылдың 25 ақпанынан дейін ашық талқылауда болады.
Жалпы Маңғыстау өңіріндегі туризмді дамыту үшін 517 млрд 943 млн теңге бөлінген. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 37 млрд 644 млн, ал республикалық бюджеттен 204 млрд 299 млн теңге бөлінеді. Басқа қаржыландыру көздерінен 276 млрд теңге тартпақшы.
Жобаға сәйкес, 2027 жылы Ақтаудағы «Жылы жағажай» аумағында көпфункционалды қонақүй-туристік кешен, гольф-клуб және гольф-отель салынбақшы. Инвестиция көлемі 94 млрд 300 млн теңге болады. Ал 2028 жылы Қарақия ауданында Bozjyra Safari салуды жоспарлап отыр. Бұл қонақүйге 15 млрд теңге қаржы бөлінбекші.
Ал бір жылдан кейін Маңғыстау ауданында Ayrakty Safari Hotel салынады. 2029 жылы Ақтауда шипажай кешені де пайда болады. Оның құрылысы үшін 9 млрд 900 млн теңге бөлінген.
Сондай-ақ 2 млрд 400 млн теңгеге Wyndham Garden Aktau қонақүй кешені, 300 млн теңгеге Omir Apartments және 36 млрд теңгеге Town Center салынады.
Туризмді дамыту комитеті Бозжыра мен Тамшалы аумағында жаяу жүргіншілер маршруты мен бақылау алаңдарын салуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 45 млн теңге бөлінеді, ал құрылыс маңайын көгалдандыруға 1 млрд 300 млн теңге бөлінген.
Маңғыстаудағы Бозжыра маңайында қонақүй, туристік кешендер салу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Осы аптада өткен үкімет отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев «кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек» деген еді.
«Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер», – деді ол жиында.