Ресейлік агенттік Қазақстанға Өзбекстан, Қырғызстанмен сауданы дамытуға кеңес береді

Жарияланды
Ресейлік агенттік Қазақстанға Өзбекстан және Қырғызстанмен сауда байланысын дамытуға кеңес берді / Фото: shutterstock

Ресейдің АКРА агенттігі Қазақстанға сауда байланысын Өзбекстан және Қырғызстанмен дамытуға кеңес береді. Агенттік мамандарының пікірінше, Ресеймен сыртқы сауда байланысын күшейтудің тәуекелі көп.

Еуроодақ, Қытай және Ресей тарихи жағынан да Қазақстанның негізгі сыртқы сауда серіктестері деп есептеледі.

Еуродақ пен Қытайға негізінен отын-энергетикалық тауарлар экспортталады, ал ҚХР-ға ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізеді. Экспорт құрылымында Ресейдің де үлесі зор. Химиялық өнімдер, құрылғылар мен металл бұйымдары жеткізіледі. Ал импортқа келетін болсақ, Ресейдің үлесі 30%, Қытай 25% және Еуроодақ 18%-ды алады.

«Сыртқы саудадағы Еуроодақ, Ресей және Қытайдың басымдық жағдайына қарамастан ары қарай бұл үш нарыққа фокус қою ел үшін сыртқы секторға байланысты қауіптерді арттыра түседі. Осыны ескерсек, Қазақстан үшін Өзбекстан және Қырғызстанмен байланысы маңыздырақ. Олардың экономикасы белсенді дамып жатыр және Қазақстанмен сауда көлемі де қалыптасқан», – деп жазады АКРА мамандары.

Неге Өзбекстан мен Қырғызстан маңызды?

Соңғы жылдары Қазақстан мен екі көршінің экономикалық серіктестігі тұрақты түрде дамып келеді. Өзбекстанмен сауда айналымы соңғы онжылдықта (2014-2023 жылдары) доллармен есептегенде 2,1 есе өскен. Бұл жерде Қазақстан экспортының үлесі көбірек. 2014 жылдан бері еліміздің экспорты 66 млн доллардан 1,8 млрд долларға дейін артқан.

Қазақстаннан Өзбекстанға ауыл шаруашылығы және химия тауарлары, металл бұйымдары жіберіледі. Ал көрші елден тоқыма өнімдері, темір және қозғалтқыш бөлшектері импортталады.

Қырғызстанмен сауда байланысы да тұрақты. 2014-2023 жылдар аралығында сауда айналымы доллармен есептегенде 60%-ға артқан. Көрші елден көбінде минералды өнімдер, химиялық тауарлар импортталып, машина мен дайын азық-түлік және ауыл шаруашылық құрылғыларын экспорттаймыз.

Қазақстанмен Ресей арасындағы сауда байланысының соңы қатерлі болатыны жайлы бұған дейін Еуроодақ мамандары да айтқан. ЕО-ның санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан кей кәсіпкерлер Қазақстанды санкцияларды айналып өту алаңы ретінде пайдалануы мүмкін дейді.

Сондай-ақ оқыңыз