Еуроодақ ресейлік 15 банкті SWIFT жүйесінен өшіріп тастамақшы

Жарияланды
SWIFT жүйесі
ЕО ресейлік банктерді SWIFT жүйесінен өшіріп тастамақшы / Фото: shutterstock

Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялар аясында тағы 15 ресейлік банкті SWIFT жүйесінен өшіріп тастауды ұсынып отыр. Бұл туралы өзінің дереккөздеріне сілтеме жасаған Bloomberg жазады. Әлі нақты қандай банктер екені белгісіз.

Одан бөлек 16-санкциялық пакет аясында ресейлік алюминийдің импортына кезең-кезеңімен тыйым салу қарастырылып жатыр. Мұнайды қымбат бағаға сатып жүрген Кремльге тиесілі «көлеңкелі флоттың» тағы 70 кемесін де қара тізімге енгізбекші.

Bloomberg дереккөздерінің жазуынша, жаңа санкциялар пакеті күшіне ену үшін Еуроодақтың барлық елдері рұқсат беруі керек. Бірақ әзірге Венгрия оған келіспей тұр.

SWIFT – әртүрлі елдердегі банктерге төлем жайлы өзара ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін жүйе. 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін ірі ресейлік банктерді SWIFT жүйесінен өшіріп тастаған еді.

2023 жылдың наурызынан бастап Ресей Банкі елдегі қаржы ұйымдарын тек отандық сервисті пайдалануға міндеттеген. Шетелдік банк сол сервиске тіркелгенде ғана өзара ақша айырбастауға болады.

Ресей Украинаға басып кіргеннен бері үш жыл ішінде Еуроодақ 16 рет санкция салды. Шектеулер тек банк жүйесі, шикізат секторына ғана емес барлық салаға қатысты. Соңғы рет 29 қаңтарда ЕО «ТАСС», «Лента.ру», «Звезда», «Красная Звезда» сияқты медиаларын қара тізімге қосқан. Оның алдында Xbox пен PlayStation ойын консолдерін импорттауға тыйым салуды қарастырған еді.

Сондай-ақ оқыңыз