Энергетикалық сусын ішіп қайтыс болған азаматтың жүрегі басқа науқасқа салынды
Қазақстанда Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу иститутының дәрігерлері University Medical Center мамандарымен бірге жүрек ауыстыру бойынша ота өткізді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды
Алматы облысында 45 жастағы ер адам жүрек ауруынан қайтыс болған. Дәрігерлердің сөзінше, оның өліміне 5 жыл бойы энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынуы әсер еткен. Ми өлімі тіркелгеннен кейін марқұмның туыстарының келісімімен марқұмның ішкі органдары алынады.
«Дилатациялық кардиомиопатия (уытты)» күрделі жүрек ауруына шалдыққан 43 жастағы ер адамға жүрегі салынып, өмірі аман қалады. Одан бөлек марқұмның бүйректері 17 және 18 жастағы науқасқа трансплантацияланды. Өкпесі және көз қабығы да мұқтаж болған басқа науқастарға салынған.
«Жүректі трансплантациялау-күрделі операциялардың бірі, алайда біздің алған тәжірибеміз, дағдыларымыз, клиникамыздың техникалық жарақтандырылуы оларды жоғары деңгейде орындауға мүмкіндік береді», – деді Институттың кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 10 қаңтардағы есеп бойынша 140 ересек адам және 5 бала жүрек ауыстыру үшін кезекте тұр.