Даннинг-Крюгер эффектісі: «Мақтаншақ Қожа» немесе сөзі мен ісі үйлеспейтіндер жұмысқа қалай кедергі келтіреді?

Жарияланды
Даннинг-Крюгер эффектісі деген не?/Фото: shutterstock

Кей адамдар өзіне тым сенімді болады. Бір қарағанда мұнысы жақсы деп ойлаймыз. Дегенмен сөзі мен ісі сәйкес келмейтін болса, онысы сенімділік емес, дабыра ғана болатыны жаман. Әдетте интернетте отырып алып бәріне ақыл айтып, нені қалай істеу керек екенін нұсқауға құмар адамдарды жиі кездестіреміз. Айтып отырған тақырыбының майын ішіп, жілігін шаққан маман болмаса да пікірін құнды деп ойлайтындар бар. Мұндай адамдарды Даннинг-Крюгер эффектісі бар адамдар деп атайды. Интернетте «сөйлегені» ештеңе емес, олардың жұмыста басқаларға тигізетін кесірі болады. Өйткені қолынан келмесе де кірісіп кетіп, мықты мамандардың жолын бөгеуі мүмкін. Одан қала берді сөзіне сеніп қалған басшылық не істерін білмей дал болады. Олай болса, бүгінгі материалымызда осы тақырыпты талдаймыз.

Даннинг-Крюгер эффектісі деген не?

Даннинг-Крюгер эффектісі деп білімі мен білігі төмен адамдардың өз қабілетін шектен тыс бағалайтын кезін айтамыз. Бір қызығы, білігі жоғары, өте сапалы кадрлар көбіне өз талантын керісінше төмен бағалайды екен. Олай болатын себебі де бар. Даннинг-Крюгер эффектісіне шалдыққандар өз кәсібилігін жете білмейді. Ал шын мықтылар болса, үнемі дамып, оқып отыру керек екенін біледі. Сол себепті «білгенім — бір тоғыз, білмегенім — тоқсан тоғыз» деп алынбаған білім көп деген оймен өз қабілетін әлі де жетілдіру керек деп ойлап жүреді.

Бұл феноменді 1999 жылы Корнель университетінің психология профессоры Дэвид Даннинг пен сол кезде оның аспиранты болып жүрген Джастан Крюгер ашқан. Синдромның атауы осы екі ғалымның тегінен шыққан. Зерттеу жасауы да бекер емес. Мынадай бір қызық жағдайдан кейін ғалымдар зерттеуге кірісіпті.

Шығу тарихы

1995 жылы Макартур Уиллер есімді кісі екі банкті тонап кетеді. Ол бейнебақылау камераларына түсіп қалмайын деген оймен бетіне лимон шырынан жағып кіреді. Әдетте лимон шырыны көрінбейтін сия ретінде қолданылады. Осыны біліп алған ол бетіне жақса, камерада да көрінбей қаламын деп ойлайды. Осылайша банкті тонайды. Сөйтіп үйіне полиция барып, тұтқындамақ болғанда ол «мен лимон шырынын жағып алған едім ғой. Сендер мені қалай біліп қойдыңдар» деп айғай салған екен.   

Бір қарасаңыз, күлкілі көрінеді. Бірақ Дэвид Даннинг пен Джастин Крюгер бұл оқиғадан басқа нәрсе байқайды. Әлгі ұрлықшы Уиллер ақымақ болғанымен қоймай, өзінің сонысын білмей, тіпті мойындамай тұр. Өзін шынында мықты санайтын сондай адамдар барын байқаған ғалымдар бірнеше тәжірибе жасауға кіріседі. Олар студенттерді жинап алып, оларға грамматика, логика және қалжыңға қатысты тестіден өтуді ұсынады.

Қатысушылар сынақтан өткен соң, нәтижесін әлі білмей тұрғанда өзіне баға беруі сұралады. Яғни қатысушының ойынша тестіні қалай тапсырғанын, басқалардан жақсырақ өттім дей ойлай ма, жоқ па білмек болады. Сөйтіп зерттеу нәтижесінде ұпайы аз студенттер өзіне жоғары баға берген болып шығады. Ал енді жақсы балл жинағандар болса, керісінше білімін төменірек бағалапты. Нәтижелерді айтқан соң, аз ұпай алғандар әлі де өзін білімді, мықты деп санауын тоқтатпаған екен. Осыны байқаған ғалымдар адамның білімі төмен болған сайын өзін жоғары бағалай береді деп топшылайды. Сол сияқты білікті мамандар өзіне төменірек баға береді. Даннинг-Крюгер эффектісі термині осылай пайда болыпты. 

Өзіне деген шектен тыс сенім

Даннинг пен Крюгердің айтуынша, білігі төмен адамдарда мына нәрселер жиі кездеседі:

  • Білімі мен қабілетін тым жоғары бағалайды;
  • Өзін тым сенімді ұстайды;
  • Кәсіби білігіне шынайы баға бере алмайды;
  • Басқалардың білігін де қабылдай алмайды.

Әлдебір салада біліміңіз аз болса, нюанстарды да біле бермеуіңіз мүмкін. Үстіртін білген кезде майын ішкендей көріп, басқаларға ақыл айтуға болады не басшылық қызметке лайықпын деп ойлап қалатындар болады. Ол қалай десеңіз, айтайық. Мысалы, бір адам маркетиң туралы аз-кем оқып алып, бірнеше кітапты тауысты делік. Ол бұл саланың барлық қыр-сырын әлі білмейді. Бірақ сол алған білімі жеткілікті деп ойлап, енді тау қопара алатындай сезінеді. Тіпті қазір алпауыт компанияға барса да, оны сөзсіз қабылдайтынына сенімді болады. Ал, шын мәнінде, маркетолог болу оңай емес. Оның білмейтіні әлі қаншама?! Біз айтып отырған синдромы барлар бас салып өзіне «бес» қоя беруге құмар келеді.

Даннинг-Крюгер эффектісі бар адамға қатесін айтып не күрделілеу сұрақ қойсаңыз да, ол білігінің жеткіліксіз екенін жете түсінбейді. Ең жаманы — мұндай адамдардың басшы болып отыруы мүмкін екенінде. Мұндай жетекшілер қол астындағылардың ұсыныстарына мән бермей, сынап, өз дегенімен жүре беруі мүмкін. Бұлай жалғаса берсе, компанияның құлдырайтын күні алыс бола қоймас. Оған қоса ұжымның берекесін де кетіреді. Басшы нашар болса, білікті кадрлар өзін жақсырақ бағалайтын басқа компанияға ауысып кете салады.

Даннинг-Крюгер графигі

Мұнда төрт маңызды нүкте бар. Адам білігін арттыра түскен сайын әр нүктеге ауыса береді. Яғни біз өмір бойы өзіне шектен тыс сенімді не қорқақ бола бермейміз. Олай болса, график қандай бөліктерден тұратынына тоқталсақ.  

Ақымақ кез. Жаңа бір салаға бет бұрдыңыз. Бір қарағанда бәрі оп-оңай сияқты көрінеді. Мысалы, ағылшын оқып бастадыңыз. Алғашқы сабақтарға бардыңыз. Жалаң сөйлемдерді құрастырып үйреніп алдыңыз. Қолдан келеді екен деп қуанып, енді 2-3 сабақтан кейін мүдірмей сөйлесіп тұрамын деп ойлайсыз.

Тауың шағылатын кез. Арада бірнеше ай өтті. Бірақ әлі де ағылшынша судырап  тұрған жоқсыз. Оқыған сайын білмейтініңіз көп екенін біліп жатсыз. Етістіктің 12 шағы барын естіп, оқу тіпті қиындап кетті. Бұрыс етістіктің 200-ден аса түрін жаттау керегін білдіңіз. Ең жаманы, қанша оқысаңыз да, шетелдіктердің сөзін түсіну әлі де қиын. Мұндайда адам қатты қиналып, тастап кете салсам ба деп ойлайды. 

Сәулелі кез. Қанша қиын болса да, берілмей, әлі де ағылшын оқып келесіз. Ден қойып оқыса, ала алмайтын асу жоғын түсіне бастадыңыз. Қай тақырыптарды жақсы меңгергеніңізді білесіз. Енді не үйрену керек екені де белгілі бола бастайды. Өзіңізге деген сенімділік оянады. 

Тұрақты кез. Тоқтамай оқып, мақсатқа жетпей қоймағаныңыздың арқасында біртіндеп тұрақтала бастайсыз. Осылайша білікті маман, өзіне сенімді адамға айналасыз. Қанша ай тоқтаусыз оқып, кітап кеміргеніңіздің арқасында енді сіз ағылшынша сөйлейтін ортаға қымсынбай қосылып кете алатын болдыңыз. Өзіңіз де сабақ беріп, үйрете алуыңыз ғажап емес.

Байқасаңыз, өмірде біз осы түрлі сатыдан өтеміз. Мысалы, сіз алпауыт компанияда топ-менеджерсіз делік. Өз салаңызды шемішкеше шағасыз. Яғни қазір сізде тұрақты кез болып жатыр. Бірақ бірнеше ай бұрын кросс-фитке барып бастадыңыз. Ол жақта әлі тұрақтылыққа жетпедіңіз. Тауыңыз шағылып жүрген кез болуы ғажап емес. Ал бірнеше апта бұрын басқа жаңа сала туралы білім ала бастап, «бәрін біледі екем» деп ақымақ болып жүрген болуыңыз мүмкін.

Даннинг-Крюгер эффектісі бар адамды қалай тануға болады?

Даннинг-Крюгер эффектісі адамдарды жаман не жақсы деп бөліп қарастырмайды. Осыны ескеру керек. Яғни бір адам өз білігіне сенімді болса, онда оны бірден осы синдромға балай салуға болмайды. Болмаса, ұяңдау болып тұрғанның бәрі мықты деген сөз емес. Шынайы білік пен шектен тыс сенімділіктің ара-жігін ажырата білу керек. Ол үшін дұрыс сұрақтар қоя алсаңыз жеткілікті.  

  • Қол астыңыздағы қызметкерлердің білігі қандай болған еді? Даннинг-Крюгер эффектісі бар адамдар басқаларға дұрыс пікір білдіре алмайды. Олардың қабілетін төмендетіп көрсетуге бейім келеді.
  • Бұрын істеген жеріңізде қандай қателер жібердіңіз? Оны түзеу үшін не істедіңіз? Адекват ойлай алатын адамдар бұл сұраққа мүдірместен қалай бар болса, солай жауап береді.
  • Бұрын істеген жеріңізде сіздің бөлім атқарған қандай жоба сәтті шықты? Нәтижеге жету үшін кім көбірек күш салды? Біз айтып отырған синдромы бар адамдар барлық жетіктікті өз арқасында деп көрсетеді.
  • Бұрын істеген жеріңізде қол астындағы қызметкерлеріңізден не нәрсе үйрендіңіз? Адекват ойлайтын адам басқалардан үйренуге арланбайды.
  • Кәсіби жолда көтерілуге кім көмектесті? Кімді үлгі тұттыңыз? Егер үміткер университетте сабақ берген оқытушыларын, сарапшыларды не бұрынғы бастықтарын тізіп шықса, онда мұнысы жақсы. Крюгер эффектісі бар адам тіпті кімнен сабақ алғанын да еске түсіре алмайды. Бәрін өзім үйрендім деп айта салуы әбден мүмкін.

Сұрақ қойғаннан бөлек, шектен тыс сенімділігі бар адамдарды танудың басқа да тәсілдері бар. Оларға да тоқталайық:

  • Кейстерді талдатып көруге болады. Алдымен тапсырма бересіз. Яғни кейс ұсынып, бірнеше мәліметті жасырып қалыңыз. Крюгер синдромы бар адам бас салып бірден орындауға кіріседі. Ал білікті маман негізі алдымен сұрақ қойып, анықтап алады. Ол өзін ақылды қылып көрсетуді емес, әлгі тапсырманы қайтсе дұрыс орындауды ойлап тұрады.
  • «Шаршы» графикалық тестін жасатып көруге болады. Ол үшін шаршы салыңыз да, үміткерге кәсіби білімінің көлеміне сай болатын бөлікті сызу керек деп айтыңыз. «Егер толықтай боясаңыз, онда осы саланы 100 пайыз білгеніңізді білдіреді» деп айтып ескретіңіз. Егер үміткер өзін адекват бағалайтын болса, бір бөлігі боялмай бас қалуы керек.

Компанияда Даннинг-Крюгер синдромы бар адамдар жұмыс істесе не істеуге болады?

Айтқандай, өзіне сенімді адамдар жұмыстың сұхбаттасуынан көбіне сәтті өтеді. Бірақ ол сөз жүзінде ғана болғаны, білігінің сай емесі уақыт өте келе көріне бастайды. Жалпы компанияда мұндай адамдар бар-жоғын анықтау үшін hard және soft skills сынақтарын өткізсеңіз жеткілікті. Хард скилдерді анықтайтын тестің нәтижесінде қызметкердің сала туралы білімі көрінеді. Ал софт скил арқылы қызметкердің басқалардың пікіріне құлақ аса ма, жоқ па көрсетеді.  

Бұл синдромды жеңуге әбден болады. Ол үшін тұрақты түрде әрі жан-жақты білім ала беру керек. Айталық , сату бөлімінің жетекшісі болса, ол жылы және салқын сауда жолдарын, командаларды басқару, процестерді реттеу және аналитика жасау сияқты салада дамуы қажет. Оған қоса тұрақты түрде фидбәк беріп отыру маңызды. Мысалы басшы мамандарға өзінің ақымақ кезде жасаған қателерін айтса болады. Неге олай болды, қай жерден қате кетті — бәрін ашып айтқан дұрыс. Сонымен қатар қызметкерге сын айтқанда міндетті түрде әр сөзіне дәлел келтіргені жөн. Ал енді тауы шағылып жүрген кезде болса, ондай қызметкерлерді қолпаштап, жақсы пікір айту керек. Бірақ құр сөзбен мақтай бермей, бір істен кейін айтқан абзал. 

Сондай-ақ оқыңыз