Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға 2025-2027 жылдарға арналған даму жоспарларына көлеңкелі экономикамен күреске қатысты арнайы көрсеткіштерді, яғни KPI енгізуді тапсырды. Бұл шешім салықтық әкімшілендіруді күшейту жөніндегі кеңесте мәлім болды.
Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда көлеңкелі экономиканың үлесі 2019 жылғы 23,69%-дан 2023 жылы 17,52%-ға дейін төмендеген. Дегенмен, көтерме және бөлшек сауда, денсаулық сақтау, ауыл, орман және балық шаруашылығы, құрылыс және білім беру салаларында көлеңкелі экономика мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
«Көлеңкелі экономиканың көпжылдық проблемасының шешімін салалық, сот, қадағалау мемлекеттік органдарының қатысуымен фискалдық реформа арқылы көріп отырмыз. Мемлекет ресурстарының жоғалуына әкеп соқтыратын теріс қылықтарды анықтауға бірлесіп қатысу қажет», — деп атап өтті Ержан Біржанов.
2025 жылы билік көлеңкелі экономиканың үлесін ЖІӨ-нің 15%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр. Осы мақсатқа жету үшін Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдардың даму жоспарларына тиісті KPI енгізуді ұсынды.
«Мемлекеттік органдардың даму жоспарларын жаңа көзқараспен қарастыру қажет, яғни қызмет көрсету тәсілін енгізіп, салаларды цифрландыру керек. Бұл көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар аясында қабылданған шараларды формалды орындау тәсілінен бас тартуға мүмкіндік береді. Сондықтан біз мемлекеттік органдарға 2025-2027 жылдарға арналған даму жоспарларына көлеңкелі экономикамен күрес бойынша KPI енгізуді ұсынамыз», – деді министр.
Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес көрсеткіштері төмен бес салалық мемлекеттік орган жол карталарын әзірлейді. Ал қалған мемлекеттік органдардың даму жоспарларына тиісті KPI енгізілетін болады.