Қазақстанның Энергетика министрлігі «Росатом» корпорациясының басшысы Алексей Лихачевтың мәлімдемесіне жауап берді.
Алексей Лихачев не деп еді?
Лихачев бұған дейін Қазақстандағы АЭС құрылысына ресейлік компанияның қатысатынына сенімді екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, 30 қаңтарда екі елдің премьер-министрлерінің кездесуінен кейін осындай ойға келген.
Ал министрлік соңғы әр нақты шешім қабылданбағанын жеткізді.
«Қазақстан атом электр станциясына қатысушы вендорлерді ұлттық мүддені ескере отырып таңдайды», – делінген минитрлік мәлімдемесінде.
Қандай компаниялармен келіссөз жүріп жатыр?
Қазақстан қазір атом электр станцияларын салу технологияларын әлеуетті жеткізушілермен «бәсекелестік» диалогты аяқтаған. АЭС-ті «Росатоммен» қатар, KHNP (Корея), CNNC ( Қытай) және EDF (Франция) компаниялары салуы ықтимал.
«2025 жылғы 21 қаңтарда ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барды. Бұл сапар тендерге қатысушылардың ұсыныстарын бағалауға бағытталған келіссөздер сериясының соңғы кезеңі болды», – делінген хабарламада.
Нақты шешім әлі қабылданған жоқ
Былтыр министрлік осы мақсатпен Корея Республикасы, Франция Республикасы және Қытай Халық Республикасына барған.
«Жобаны жүзеге асыру үшін жеткізушіні немесе консорциумды таңдау туралы соңғы шешім әлі қабылданған жоқ. Ол 2025 жылы Қазақстан ұлттық мүдделерін, халықаралық нормалар мен міндеттемелерді ескере отырып қабылданады», – дейді министрлік.