Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) 2025 жылдан біліктілігі жоқ инвесторлардың бірқатар бағалы қазғаз сатып алуына шектеу қойды. ҚНРДА Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Айдын Дәулетбақтың айтуынша, бұл шектеулер жеке инвесторлар бекер шығынға ұшырап қалмас үшін қойылған. Осы ретте білікті инветор деген кім, оған қандай талаптар қойылатынын түсіндірді.
Инвесторларға қойылған жаңа талаптар
ҚНРДА енгізген талаптарға сәйкес, кейбір қаржы құралдарын тек білікті инвесторлар ғана сатып ала алады. Бұған туынды бағалы қағаздар, депозитарлық қолхаттар (GDR/ADR) және бөлшек инвесторларға арналмаған өзге де қаржы құралдары жатады.
Депозитарлық қолхаттар – бұл шетелдік акциялардың белгілі бір санына иелік ету құқығын растайтын құжат. Олар акционерлердің дауыс беру құқықтарына, дивидендтерге және салық салу режиміне байланысты базалық активтен ерекшеленуі мүмкін. Сондықтан мұндай қаржы құралдарын дұрыс бағалап, инвестициялауға байланысты тәуекелдерді түсіну үшін инвесторлардың қаржылық білімі болуы қажет.
Білікті инвестор мәртебесі қалай беріледі?
Білікті инвестор мәртебесін брокер тағайындайды. Бұл мәртебені алу үшін жеке тұлға келесі талаптардың кемінде біреуіне сәйкес келуі тиіс:
- Қаржы және экономика саласында жоғары білімінің немесе CFA, FRMC, CIIA сияқты халықаралық сертификаты бар;
- Инвестиция саласында жұмыс тәжірибесі мол;
- Кемінде 8 500 АЕК (шамамен 30 млн теңге) мөлшерінде қаржы активтеріне ие;
- Соңғы 12 айда кемінде 50 мәміле жасаған.
Егер инвестор аталған талаптарға сәйкес келмесе, онда ол брокердің тексерісінен, өз білімін дәлелдеуі қажет. Егер тестілеу нәтижесінде жеткілікті балл жинай алмаса, брокер оған инвестиция салу тәуекелдері туралы хабарлама жібереді. Инвестор осы құжатпен танысып, қол қойған жағдайда ғана күрделі қаржы құралдарын сатып ала алады.
ҚНРДА енгізген бұл өзгерістер қаржы нарығындағы тәуекелдерді басқару, жеке инвесторлардың мүдделерін қорғауға және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған.