Lifestyle

Қырғызстан, БАӘ және Грузия аукциондарынан көлік сатып алудыңартықшылықтары мен кемшіліктері

БАӘ мен Грузиядан көлік алып келу тиімді ме? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
БАӘ мен Грузиядан көлік алып келу тиімді ме? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Доллар бағамының құбылуына байланысты Қазақстанда жаңа көліктер бағасының жылдан жылға өсуде. Бұған ішкі нарықта ұсыныстардың азаюы тағы қосыңыз. Осы жайттар қазақстандықтарды шетелден тізгінделген көліктерді сатып алуға ынталандыруда. Қазіргі таңда ең танымал бағыттар – Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері және Грузия. Бұл ретте әр нарықтың өзіндік ерекшеліктері, артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Оларды Kursiv.Media тілшісі қарастырып, талдап шықты. 

Қырғызстандағы аукциондардан көлік сатып алу

Қырғызстан қазақстандықтар үшін көлік сатып алу жағынан ең танымал бағыттардың бірі. Бұл географиялық жақындық пен бағалардың тиімділігіне де байланысты.

Осы тұста «бір туған» елдің аукциондарынан авто импорттаудың артықшылықтарына тоқталсақ:

  • Біріншіден, көліктердің бағасы қолжетімді болып келеді. Қырғызстан Жапония, Корея және АҚШ-тан көліктерді көптеп импорттайды. Бұл бағаға әсер етеді.
  • Екіншіден, географиялық жағынан жақын. Көлікті Қырғызстаннан жеткізу басқа елдермен салыстырғанда арзанға түседі.
  • Үшіншіден, құжат рәсімдеу басқа елдермен салыстырғанда жеңілірек. Көлік сатып алу үшін шектеулі құжат талап етіледі, рәсімдеу процесі де жылдам.
  • Төртіншіден, таңдау мүмкіндігі жоғары. Жапондық маркалар көптеп кездеседі, соның ішінде рөлі сол, оң жақтағылары да бар. 

Алайда мұның кемшіліктері де бар. Атап айтқанда

  • Бастысы кедендік қиындықтар. Қырғызстанда көліктер жеңілдетілген кедендік төлемдермен рәсімделеді. Бірақ Қазақстанға әкелу кезінде қосымша салықтар төлеу қажет.
  • Сонымен қатар, рөлі оң жақтағы көліктер көп. Қазақстанда кейбір оң жақ рөлді көліктерді тіркеу қиын. Ал оларды қайта сату мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін.
  • Бұған қоса, көліктердің жағдайы нашар. Кейбір көліктер АҚШ-тан апаттық жағдайда әкелінеді, сондықтан олардың техникалық жағдайы сын көтермеуі мүмкін.

БАӘ аукциондарынан көлік сатып алу

БАӘ нарығы премиум-класс көліктер мен төмен бағаларымен қазақстандықтарды баурап алған десек те болады. Себебі отандастарымыз теңіз асып, логистикалық қиындықтарға қарамастан осы елден авто импорттап жатады. Ендеше артықшылықтарына тоқталсақ: 

  • Біріншісі, премиум-класс көліктердің көптігі. Benz, BMW, Lexus сияқты люкс маркалардың бағасы Қазақстандағыдан әлдеқайда төмен.
  • Екіншіден, аз ғана жүрілген көліктер. Көптеген көліктер аз ғана уақыт тізгінделген және оларға ресми сервистік орталықтарда қызмет көрсетілген.
  • Үшіншіден, тот баспаған. БАӘ-нің құрғақ климаты көліктің коррозияға ұшырамауына ықпал етеді. Бұл ұзақ мерзімді пайдалану үшін үлкен артықшылық.
  • Төртіншіден, жетілдірілген аукцион жүйесі бар. Көліктердің тарихын толық көруге мүмкіндік беретін онлайн аукциондар бар.

Кемшіліктері қандай?

  • Жеткізу құнының қымбаттығы. БАӘ-ден Қазақстанға көлік жеткізу қымбат, әсіресе контейнермен тасымалдау кезінде.
  • Кедендік төлемдер сомасы. Қазақстанға әкелу үшін жоғары кедендік алымдар төленуі керек, бұл көлік құнын айтарлықтай арттырады.
  • Жасырын ақаулар болуы мүмкін. Кейбір көліктер аукционда апаттық немесе басқа күрделі зақымданған жағдайларда сатылады, ал оларды жөндеу қымбатқа түсуі мүмкін.
  • Ыстық климаттың әсері. БАӘ-нің ыстығы қозғалтқыштарға, кондиционерлерге және салон материалдарына теріс әсер етуі мүмкін.
  • Қазақстандық климатқа бейімделмеген болуы мүмкін. Көпшілігінде орындық жылытқыш, кейде тіпті көлікті жылытқыш та болмайды. 

Бірақ басқа елде көлік сатып алу басқа қалада тұрған автоны сатып алумен бірдей емес екенін бірден атап өткіміз келеді. Бұл алдын ала дайындықты, сатушылардың ұсыныстарын зерттеуді және салыстыруды қажет етеді. Дубайда көлік сатуға негізделген 3 мыңнан астам алаң бар. Бұл тек ресми тіркелген сайттар ғана. Сондай-ақ бұл елде құжаттарды ресімдеу қалай ұйымдастырылғанын түсіну де маңызды. 

Сайттан жағдайына құны сай көлік таптыңыз ба? Қоңырау шалып, сұрап, нақтылап, келісімге келу керек. Тілдік кедергілерді де ескеріңіз. Ал ағылшын тілінде еркін сөйлесеңіз, осы тәуекелдерді ескере отырып, аталған нарықты байқап көруге болады.

Грузия аукциондарынан көлік сатып алу

Грузияны – АҚШ, Еуропа және Азия арасындағы көлік тасымалының маңызды орталығы деуге де болады. Қазақстандықтар бұл нарықты тиімді  баға үшін таңдайды.

Негізгі артықшылықтарына қандай?

  • Біріншіден, баға төмен. Көліктердің көпшілігі АҚШ-тан импортталып, жөндеуден өткен соң арзанға сатылады.
  • Екіншіден, америкалық модельдердің кең таңдауы. Грузияда Ford, Chevrolet, Jeep және басқа америкалық маркалар жиі кездеседі.
  • Үшіншіден, тасымалдаудың арзандығы. Грузиядан Қазақстанға көлік жеткізу БАӘ-мен салыстырғанда арзанырақ.
  • Төртіншіден, сатып алушыларға қолдау көрсету. Грузиялық аукциондар мен автосалондар орыс тілінде қызмет көрсетіп, логистикаға көмектеседі.

Кемшіліктеріне тоқталсақ: 

  • Негізгі кемшілігі, көліктердің жағдайы. АҚШ-тан әкелінген көліктердің көбі апатқа ұшыраған. Сондықтан олардың сапасын мұқият тексеру керек.
  • Одан кейін, құжаттарға қатысты мәселелер. Кейбір көліктер кепілде болуы немесе экспортқа тыйым салынуы мүмкін.
  • Бұған қоса, кедендік рәсімдер мен сертификаттау. Кедендік алымдар төленуі керек, ал кейбір модельдерге қосымша сертификаттау қажет болуы мүмкін.
  • Мұнымен қатар, оң жақ рөл мәселесі. Қырғызстанмен салыстырғанда аз болса да, Жапониядан әкелінген оң жақ рөлді көліктер кездеседі.

Осындай аукциондардан көлік сатып алғысы келіп жүргендерге кеңестер

  1. Көліктің тарихын тексеріңіз. Апаттар, кепілде тұрмағаны мен қанша шақырым жүрілгені туралы ақпарат алу үшін арнайы сервистерді қолдану қажет.
  2. Шығындарды алдын ала есептеңіз. Жеткізу, кедендік рәсімдеу, жөндеу мен сертификаттаудың құнын ескеріңіз.
  3. Сенімді делдалдарды таңдаңыз. Аукцион мен логистика бойынша көмек беретін сенімді компанияларды таңдаған абзал.
  4. Көліктің жағдайын бағалаңыз. Автоны сатып алмас бұрын тәуелсіз сараптама жасауға тырысыңыз.
  5. Балама нұсқаларды салыстырыңыз. Шетелден әкелмес бұрын, жергілікті нарықтағы ұсыныстарды зерттеңіз.

Қырғызстан, БАӘ және Грузия аукциондарынан көлік сатып алу тиімді болуы мүмкін. Қырғызстан бағасының арзандығымен және жақындығымен танымал, БАӘ – премиум автокөліктерімен, ал Грузия – америкалық модельдер бағасының тиімділігімен ерекшеленеді. Алайда әр елдің өз тәуекелдері мен қосымша шығындары бар. Сондықтан сатып алуды жоспарлау кезінде бұл факторларды мұқият ескеру қажет. Көлікті таңдауда тарихын мұқият тексеріп, барлық шығындарды есептеп, тексерілген делдалдар көмегіне жүгініңіз.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлем көшбасшылары  Дональд Трамп, Владимир Путин, Си Цзиньпин таңдаған автолар туралы талдау әзірлеген едік.