Lifestyle

Астанадағы субұрқақ құрылысынан қаржы жымқырған Болат Мажағұлов сотталды

Астанадағы субұрқақ құрылысынан қаржы жымқырған Болат Мажағұлов сотталды
Астанадағы субұрқақ құрылысынан қаржы жымқырған Болат Мажағұлов сотталды / Фото: kitap.kz, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астанада Есіл өзені бойында орнатылған субұрқақ құрылысына бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген қаланың мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов 8 жыл 6 айға сотталды.

Үкім қандай?

Астана қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты 31 қаңтарда Мажағұловты Қылмыстық кодекстің 189 бабымен (Бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін талан-таражға салу) бойынша 8 жыл 6 айға соттады. Бұған қоса, оған өмір бойына мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды. Және «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс президент аппаратының қарауына жіберілетін болды. Сот Мажағұловқа үкім шығару кезінде оның кәмелеттік жасқа толмаған балалары барын ескеріп, жазасын жеңілдеткенін атап өтті.

Іс бойынша тергеуге алынған құрылыс компаниясының басшысы Мәди Қанапин болса, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Мажағұлов пен Қанапин бірігіп мемлекетке келтірген шығын ретінде 1 млрд 87 млн теңге қайтарып беруге міндеттелді. Бұдан бөлек, Мажағұлов мемлекеттік баж ретінде 32,5 млн теңге бюджетке төлеуі қажет.

Мәселенің мәні

Істі сотқа Қаржы мониторингі агенттігі жолдаған. Оған сәйкес, Мажағұлов 2016 жылы қала күніне орай Есіл бойында салынған «Күн» атты субұрқақтың құрылысына бөлінген қомақты сомманы жымқырған деп айыпталған.

Субұрқақ 2016 жылы іске қосылғанымен 2017 жылдан бастап апатты жағдайға түсіп, істемей қалған. 2024 жылы жазда Астана әкімі Жеңіс Қасымбек субұрқақты қалпына келтіру қымбатқа түсетіндіктен, оның бұзылатынын айтқан.

Айта кетейік, Мажағұлов 2010-2019 жылдар аралығында Астана қаласы Мәдениет басқармасында басшы болған. Ол 2024 жылы қыркүйекте қамауға алынған.