Жаңалықтар

Ұлттық ұлан әскери ас мәзіріне қазақ тағамдарын енгізуді ұсынды

Ұлттық ұлан әскери ас мәзіріне қазақ тағамдарын енгізуді ұсынды / фото: ҚР Ұлттық ұланы

Ұлттық ұлан әскери қызметшілердің тамақтану рационына қазақтың ұлттық тағамдарын қосу бастамасын көтерді. Бұл туралы Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК), ҰҚК Шекара қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігінің тыл қызметі өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелінде ұсынылды.

Жаңа мәзірге қандай тағамдар қосылады?

Жаңартылған рационға қазақша ет, сірне, наурыз-көже, нарын, кеспе, бауырсақ және басқа да ұлттық ас түрлері енгізілмек.

«Әскери тамақтануға ұлттық тағамдарды енгізу – бұл аспаздық жаңалық қана емес, әскери қызметшілеріміздің жауынгерлік рухын нығайту мен мәдени бірегейлігін сақтаудағы маңызды қадам», – деп атап өтті Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары Еркебұлан Хамидуллин.

Ұлттық тағамдар сарбаздардың денсаулығына қалай әсер етеді?

Жаңа мәзірдің құрамындағы тағамдар алдын ала Қазақ тамақтану академиясының мақұлдауынан өтті. Сарапшылардың айтуынша, энергетикалық құндылығы жоғары ұлттық тағамдар сарбаздардың иммунитетін күшейтіп, зат алмасу процесін жақсартады және қарқынды физикалық жүктемеден кейін олардың күш-қуатын тезірек қалпына келтіруге көмектеседі.

Цифрлық бақылау жүйесі енгізілді

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, басқару процестерін цифрландыру аясында Ұлттық ұлан қоймаларындағы азық-түлік қорларының жарамдылық мерзімін бақылау жүйесі енгізілді. Бұл бастама өнімдердің сапасын бақылауды жақсартып, азық-түлік қорының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл бастама әскери қызметшілердің денсаулығын нығайтып қана қоймай, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуде маңызы рөл атқарады.

Дәстүрлі тағамдар туған жерін, жақын адамдарын еске салып, мәдени мұрамен байланысты арттырады деп есептейді әскери медицина және психология саласындағы сарапшылар.