Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин Қырғызстан шенеуніктерін ресейлік бизнеске қысым жасап, бопсалап отыр деп айыптады. Бұл туралы шенеунік қырғыз әріптесі Адылбек Қасымалиевпен кездесуі барысында айтқан.
Ресейлік шенеунік Қырғызстанда әділ бизнес жүргізіп отырған ресейлік компанияларға негізсіз қысым жасалып жатқанын айтып, Қасымалиевтен осы мәселені шешуді талап еткен.
«Бізді қатты алаңдатып отырған бірқатар мәселелер бар. Қырғызстан экономикасын дамытуға үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашып, қомақты көлемде салық төлеп жатқан адал ресейлік компанияларға қатысты Қырғыз мемлекеттік органдарының өкілдері негізсіз талап қойып, заңсыз мәлімдемелер жасаған», – деді Мишустин.
Сонымен бірге шенеунік ресейлік бизнес өкілдерін бопсалау фактілері де кездесетінін айтқан. Мишустин осындай заңсыздықтардан кейін Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Қырғызстанға нота жібергенін мәлімдеген.
«Біз Қырғызстан басшылығынан біздің компанияларға әкімшілік қысым көрсетуді тоқтатып, ресейлік инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуді сұраймыз», – деп мәлімдеген ол.
Ал Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев бұл мәселенің талқыланғанын және оны шешуге тырысатынын жеткізген.