Татарстанның Лениногор ауданында үлкен көлемде мұнай төгілген. Бұл туралы Ресейдің Табиғатты бақылау басқармасы хабарлаған.
Мұнай Новочершилинский елдімекенінің маңында төгілген. Мұнай шамамен 2 мың шаршы метрге жайылған. Оқиға 2025 жылдың 29 қаңтарында болған. Ал мұнай төгілгенін басқарма тек 31 қаңтарда жариялаған.
Бұл елде мекен маңынан маңнан өтетін мұнай құбыр жүйесі «Транснефть-Прикамье» компаниясына тиесілі болған.
Компания мәліметінше, мұнайдың ағып кетуіне Қалтасы-Куйбышев магистральдық мұнай құбырындағы қысымның төмендеп кетуі себеп болған.
«Транснефть-Прикамье» компаниясынан оқиға орнына мамандар жөнелтілді. Төгілген мұнай көлемі 8,5 текше метрді құрады», – деп хабарлаған компания.
Компания жерге жайылып, топыраққа сіңіп кеткен мұнайдың халыққа немесе қоршаған ортаға қауіп төндірмейтінін мәлімдеген.
Ресейдің Табиғатты бақылау басқармасы мұнайдың қоршаған ортаға тигізген зардабы есептеліп, компанияға жіберілетінін хабарлаған.
Айта кетсек, 2024 жылдың 15 желтоқсанында Керіш бұғазында екі ресейлік танкерден мұнай төгіліп, мұнай дақтары Қара және Азов теңізінде 400 шаршы шақырымға дейін тарап кеткен болатын.