Жаңалықтар

Жаслан Мәдиев мемлекеттік сайттардың жаппай істен шығуының себебін атады

Deposit Photos

Қаңтардың 24 күні egov порталымен байланысты барлық мемлекеттік сайттар жаппай істен шықты. Себебін Цифрлық даму және инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев түсіндірді.

Министрлік басшысының айтуынша, сол күні арнай қондырғы істен шығып қалған. Бірақ ІТ мамандар дер кезінде мәселенің шешімін тауып, іске қосқан.

«Біз бұл мәселені талқылап жатырмыз. Сарапшылардан арнайы топ құрылып, жұмыс жүргізіп жатыр. Сайтардың істен шығуына технологиялық жағдайлар әсер еткен. Нақты айтқанда, арнайы коммутациялық қондырғы болады. Сол құрылғыда ақау анықталды. Біздің мамандар бұл ақауды 3 сағаттың ішінде анықтады. Қазіргі таңда ол ақауға не себеп болғанын тексеріп жатырмыз. Негізінен бұл мәселеде айтарлықтай қиындықтар жоқ», – деді министр.

Айта кетейік, 24 қаңтар күні «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ eGov.kz порталымен байланысты бірмашама мемлекеттік сайттардың уақытша жұмыс істемей тұрғанын хабарлады. Бұл күні eGov мобильді қосымшасымен бірге «Е-лицензия» және «Ашық үкімет» порталдары жұмысын тоқатты. Сонымен бірге бірқатар мемлекеттік органдардың интернет сайттары мен «ҰАТ» АҚ компаниясының бірнеше жобалары істен шыққан еді.