Жаңалықтар

2026 жылы Павлодар мұнай-химия зауытында 80 млн еуроның жобасы іске қосылады

Павлодар мұнай зауытында 5,5 млн тонна мұнай өңделген / Фото: kursiv.media архив

2026 жылы Павлодар мұнай-химимя зауытында 80 млн еуроның жобасы іске қосылады. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылы зауытта 5,5 млн тонна мұнай өңделген. Бұл көлем жоспарлы көрсеткіштен 50 мың тоннаға артық. Сонымен бірге зауытта жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 73,2%-ды құрап, өңдеу тереңдігі 91,5% жеткен.

Зауытта сұйытылған мұнай газы өңделеді

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Павлодар мұнай-химия зауытына жұмыс сапарымен барып, зауыттың өндірістік қуатымен және техникалық жағдайымен танысқан. Осы сапар барысында сұйытылған мұнай газін америкалық Universal Oil Products компаниясының Merox технологиясы бойынша тазартатын жаңа қондырғыны іске қосқан.

КМГ хабарлауынша, бұл қондырғы бірінші кезекте өнім сапасын жақсартадды. Бұдан бөлек, шығарындыларды азайтып, шикі өнімнен жылына 100 мың тонна сұйыиылған мұнай газін өндіруге жол ашады.

Дизель отынын өңдейтін қондырғы

Сонымен бірге зауытта қысқы дизель отынын өндіретін арнайы жобаларды жүзеге асыру көзделген. Атап айтқанда, дизель отынын гидротазарту қондырғысы әске қосылмақшы. Бұл жоба бойынша жұмыстар жыл соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Қондырғы Shell компаниясының технологиясы негізінде жұмыс істеп, жазғы және маусымаралық дизель отынын өндіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ зауыттың өнімділік қуатына да әсер етеді. Бұл қондырғы көмегімен жылына 2,3 млн тонна өнім өндіру жоспарланып отыр.  

Сонымен қоса 2025 жылдың бірінші тоқсанында сағатына 12,5 мың текше метр сутегі өндіретін қондырғының құрылысы басталады. Air Liquide компаниясымен бірлескен жоба 2026 жылдың күзінде іске қосылады. Жобаға 80 млн еуродан асатын инвестиция тартылған.

«Бұл жобаларды іске асыру еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде сұранысқа ие жоғары үшінші классты қысқы дизель отынын шығаруға мүмкіндік береді»,- делінген хабарламада.