Аида Балаева әлеуметтік желі әкімшілері мен қолданушыларына ескерту жасады
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желі қолданушыларын «ойланбай әрекет етпеуге», сондай-ақ онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауға шақырды.
Министрдің айтуынша, былтыр 78 539 материалдың заңға қайшы екені анықталып, олардың 24,3%-ы ғана жойылыпты.
Желі қалай бұғатталады?
«Қазіргі уақытта интернет кеңістігінде бірқатар өзекті мәселелер қызу талқылануда. Мониторинг көрсеткендей, онлайн-платформаларда көбінесе заңға қайшы, қарапайым тілмен айтқанда, шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі таралады», – деп ескертті ақпарат министрі.
Аида Балаева әлеуметтік желілік ресурстардың әкімшілеріне жауапкершілік артып отыр. Ақпараттарды жіті тексеруге, расталмағандарын таратпай, сүзгіден өткізуге, заңға томпақ келетін контенттерді жойып отыруға шақырды. Желіге жазба, пікір қалдырушыларға да жосықсыз жазбалар үшін онлайн-платформаның немесе парақшаның бұғатталауы мүмкін екенін айтты.
«Әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұраймын», – деді Аида Балаева.
Министрлік шара қолдана ма?
Оның сөзіне қарағанда, миллиондаған адамның жаңалықтарды сайттар мен әлеуметтік желілерден оқып, көретінін алға тартты. Десе де, министрлік тыйым шаралары сирек қолданылып келген.
«Желілік ресурстардың әкімшілері де өз әрекеттерінің салдарын түсініп, ақпарат таратуда ең алдымен оқырман мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жіті ұғынуға тиіс», – министр.
Аида Балаева келтірген статистика бойынша, 2023 жыл мен 2024 жыл аралығында қазақстандық интернет сегментінде заңға қайшы 116 354 материал анықталған. Соңғы кездері мұндай контент көлемі екі есеге дейін артып отыр.
Министрдің айтуынша, оның ішінде есірткі құралдарын, діни экстремизмді және терроризмді насихаттау, қаржы пирамидалары мен онлайн-казиноларды жарнамалау да бар.
Мұның алдында алаяқтардың Балаеваның атынан хабарламалар таратқаны туралы жазғанбыз.