Алматы қаласының Чернышевский көшесінде бір үйдің ауласына жаңа туған нәрестені тастап кеткен әйел ұсталды.
«Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қыздың анасының жеке басы анықталды. Ол ұсталды және медициналық көмек алу үшін қалалық ауруханалардың біріне жатқызылды» – деді Түрксіб аудандық полиция Басқармасының бастығы Думан Аухадиев.
Полиция мәліметінше, қыстың қақаған суығында, яғни «қауіпті жағдайда нәрестені тастап кету дерегі» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полиция оқиғаның егжей-тегжейін анықтап жатыр.
Мұның алдында Алматы қаласының тұрғындары бір ауладан жаңа туылған сәбиді тауып алған еді. Оқиға орнына келген дәрігерлердің айтуынша, нәрестенің өмір есігін ашқанына небәрі бір-екі сағат өтіпті. Полиция шақалақтың ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған еді.
Мұның алдында Алматыда кәмелетке толмаған ана нәрестесін дәретханаға тастап кеткені туралы жазғанбыз.