Ирак түрмесінде жатқан алты қазақ әйел көмек сұрады

Жарияланды
Ирак билігі қазақ әйелдерді «терроризмге жәрдем берді» деп өмір бойы бас бостандығынан айырған./фото: shuttetstock

Ирактың астанасы Бағдат қаласындағы түрмеде жатқан, өмір бойы бас бостандығынан айырылған алты қазақ әйел Қазақстан билігінен елге қайтаруды сұрап отыр. Олар осы уақытқа дейін сегіз жылын түрмеде өткізген.  

Түрмеден босатуды талап етіп аштық жариялады

«Воздух свободы» қоғамдық қорының жетекшісі Жанна Умированың айтуынша,  бұл әйелдер 2021 жылдан бері ауыр жағдайда қалған. Олар «жазықсыз» екенін алға тартып, бостандыққа шығаруды талап етіп, түрмеде аштық жариялапты. Жағдайлары нашарлап кеткен. Түрме әкімшілігі оларға медициналық көмек көрсетпепті.

«2024 жылдың қазан айынан бері біз бұл әйелдердің үстінен қозғалған қылмыстық істерді қайта қарау үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2017 жылы дүрбелең жылы болды. Көп нәрсе түсініксіз болды. Жастарымыздың дені адасты. «Діні үшін қыспаққа түспейтін мемлекетті» іздеді. Бірақ олар үлкен бәлеге тап болды», – дейді Жанна Умирова.

Бағдат түрмесінен жолданған бейнеүндеу

Оның сөзіне қарағанда, билік өкілдері отандастарымызды елге қайтаруға күш салатынын, Бас прокуратураның сегіз жылдан бері бұл іспен айналысып жатқанын айтқан. Бірақ Жанна Умирова бұған күмән келтіріп отыр. Ол «бұл әйелдерді ДАИШ-тің жақтастары» деп қарауға болмайтынын айтады.

Астанада өткен баспасөз мәслихаты кезінде Ирак түрмесінде жатқан әйелдердің бейнеүндеуі көрсетілді.  

 «Біз қателік жасағанымызды түсінеміз. Біз соғысуға емес, күйеулерімізбен бірге еріп келген едік. Отанымызға, туыстарымызға оралып, жаңа өмір бастауға көмектесулеріңізді сұраймыз», – делінген үндеуде.

«Қызымызбен байланысып тұрамыз»

Оралдық сотталған қыздың бірі Роза Мансұрованың анасы Мәрзия Медетова қартайған шағында немерелерін жалғыз бағып отырғанын айтты.

«2013 жылы олар балаларын алып елден кетіп қалды. 2019 жылы үш баланы әкеліп берді. Соларды қазір бағып отырмын. Қызымызбен байланысып тұрамыз. Басқа қыздардың көбінің ата-анасы келе алмады. Барлық ата-аналардың атынан жан айқайымызды жеткізгім келеді», – деп, ол қызын елге қайтаруға мемлекеттен араша түсуді сұрады.

Ирак билігі оларды не үшін соттады?

Жанна Умированың айтуынша, алты әйел Сирияға әр ел арқылы жеткен. Бірі – Ресей арқылы, бірі Әзербайжан арқылы ұшқан. Ол кезде жастары он сегіз, он тоғызда ғана болған жас келіншектер күйеулерінің соңынан сөзге келмей ілесіп кете барған екен.

Адвокат Жамбыл Жолгелдиевтің айтуынша, Ирак билігі қазақ әйелдерді «терроризмге жәрдем берді» деп өмір бойы бас бостандығынан айырған.

«Бірақ, олардың террористерге көмектесу ниеті болмаған» – дейді адвокат.

Сондай-ақ оқыңыз