Жаңалықтар

Салық органдары телефоннан ақша аударымдарын қандай жағдайда тексеретіні белгілі болды

Еліміздегі ең төменгі жалақы көрсеткіші 2025 жылы 85 000 теңге болып отыр./фото: Ахтам Зиперов

Телефоннан аударылған ақшаның салық салынбайтын шекті бағасын нақтылады. Қаржы министрлігі мобильді аударымдарға қатысты жаңа ереже енгізген.

2022 жылдан бастап екінші деңгейлі банктер телефоннан аударылған ақшаның көлеміне қарап, кәсіпкерліктен түскен табыстың белгілерін анықтайды. Оның критерийлері Қаржы министрлігінің бұйрығында көрсетіліп отыр.

Банктер қандай жағдайда салық органына хабарлауға міндетті?

Мәселен, бір жеке тұлғаның кәсіпкерлік жасауға арналмаған банктік шотына үш айда әртүрлі адамдардан 100-ден аса аударым жасалса, салық органдарының назарына ілігуі мүмкін.  

Өйткені, банктер шотына көп адам ақша жіберіп жатқан адамдар туралы мемлекеттік кіріс органдарына мәлімет беруге міндеттелініп отыр.

Бұл ережеге енді жаңа толықтыру енгізілген. Оны Қаржы министрлігі, Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктер бірлесе отырып, осындай қорытынды жасаған.  

Шекті көлем қандай?

Бұған нақты тоқталсақ, банктердің салық органдарына мәлімет беруі үшін ол адамға үш айда 12 ең төменгі айлық жалақы көлемінен жоғары ақша аударылуы керек.

Айта кететін жайт, еліміздегі ең төменгі жалақы көрсеткіші 2025 жылы 85 000 теңге болып отыр. Демек, 12 ең төменгі айлық жалақы – 1 020 000 мың теңге деген сөз. Осы ақшадан көп ақша аударылса, онда салық органдары тексереді.

Заң бойынша, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу үшін табысың 12 ең төменгі айлық жалақыдан асуы қажет.

Қаржы министрлігінің бұл бұйрығы Ұлттық банктің қарауына жіберіліп отыр.

Мұның алдында 2024 жылы декларация тапсырған кәсіпкерлердің мобильді аударымдары тексеріліп, салықтан жалтарғандардың анықталатыны туралы жаздық.