Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында құнды қағаздар саудасына трансшекаралық рұқсат беру туралы келісімге қол қойылды.
«Кеңейтілген отырыс аясында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұйымдастырылған сауда алаңдарында бағалы қағаздарды орналастыру және айналымға жіберу бойынша трансшекаралық қолжетімділік туралы келісімге қол қою ұсынылады», – деді Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев.
Бұл дегеніміз ЕАЭО құрамына кіретін Ресей, Армения, Беларусь және Қырғызстан брокерлері Қазақстан қор нарығына қатыса алады және дәл солай қазақстандық брокерлер көрші елдердің биржасына кіреді.
30-31 қаңтарда ЕАЭО елдерінің премьер-министрлері қор нарығына брокерлерді жіберу туралы өзара келісімге қол қояды деп хабарланған еді. Бұл құжаттың жобасы өткен жылдың қарашасында талқыланып, ЕЭК Кеңесі бекіткен.
Комиссия мүшелерінің атап өтуінше, бұл келісім биржалық операциялар үшін бірыңғай кеңістік құруға мүмкіндік береді. Онда брокерлер мен дилерлер өз елдерінің уәкілетті органдары берген лицензиялар негізінде жұмыс істей алады.
Айта кетейік, ЕАЭО елдерінің премьер-министрлері Алматыда өткен Digital Almaty форумына да қатысты. Жиынға қатысқан РФ премьер-министрі Михаил Мишустин Ресей 2026 жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерін арзан және жылдам интернетпен қамтамасыз етеді деп уәде берді.