Киберқауіпсіздік мәселесі – әрдайым өзекті және ол өзгермейді де. Әлемде киберқылмыскерлерден келген шығын 8 трлн долларға тең. Digital Almaty форумында Freedom Holding-тың технология бойынша бас директоры Ренат Туқанов осылай дейді.
Туқановтың сөзінше, ешқандай адам киберқауіптен толық қорғалмаған, тіпті топ-менеджерлер де.
Алаяқтар сіздің достарыңыздың, таныстарыңыздың кейде жетекшілеріңіздің атынан да хабарласып жатады. Меніңше Тимур Русланұлына да (Тимур Турлов – Freedom Holding CEO – ред), Айдос Болатұлына да (Айдос Жұмағұлов – Freedom Bank директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі – ред.) банктен алаяқтар хабарласып жатады. Ақша аударсын деп уатсаптан да, телеграмнан да жазады. Қауіп ешқашан азайған емес», – деді Ренат Туқанов
Өз сөзінде маман киберқауіптен әлемдік экономикаға триллиондаған доллар зиян келіп жатқанын атап өтті. Кибералаяқтардан келген шығын 2024 жылы 8 трлн доллар деп бағаланған. Бұл Қытай ЖІӨ-нің жартысына, АҚШ ЖІӨ-нің үштен біріне және Қазақстан ЖІӨ 30 рет көбейткенге тең.
Әр күн сайын әлемде 2,5 квинтиллион байт дерек пайда болады. Ол шамамен Алматыдағы Абай атындағы Ұлттық кітапхананың жүзіне тең. Бірақ ең өкініштісі адамдар осы деректерді кибералаяқтар ұрлағанын байқамай да қалады дейді сарапшы.
«Ең өкінішті нәрсе бар. Компаниялар екі топқа бөлінеді. Бірі – киберқауіпсіздігі бұзылған компаниялар, екіншісі – қауіпсіздігі бұзылғанын білмеген компаниялар. Әлем бойынша бір компания өзіндегі деректердің қолды болғанын анықтағанша кемінде 207 күн кетеді екен» , – деді Freedom Holding-тың технология бойынша бас директоры
Ал Microsoft Еntra сарапшыларының мәліметінше, күн сайын қолданушыларға 600 млн-нан астам шабуыл жасалады. Олардың 99%-дан астамы құпия сөздермен байланысты болады екен.