Олжас Бектенов: Бес жыл ішінде 1 млн адамға ЖИ-ді үйретеміз

Жарияланды
Бектенов рассказал о рисках при использовании ИИ в Казахстане
Олжас Бектенов Қазақстанда 1 млн адамды ЖИ-ға оқытамыз деп мәлімдеді / Фото: Digital Almaty

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыда өтіп жатқан DIGITAL Almaty форумына қатысып, Қазақстанда ЖИ-ді дамытуға қатысты жоспарын айтты.

«Тек IT мамандарын ғана емес, жасанды интеллектті күнделікті өмірде тиімді пайдалануды үйретуде кешенді тәсілді қолдану маңызды. Сондықтан біз алдағы бес жыл ішінде Қазақстанда осы салада 1 миллион адамды оқытуды басты мақсатымыз ретінде қойып отырмыз», – деді ол форумда сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ Бектенов ЖИ-ді дамыту үшін ЕАЭО елдерін күш біріктіруге шақырды. Ол үшін Alem.ai. халықаралық орталығында арнайы экожүйе құрылатынын мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығы негізінде құзыреттер экожүйесін құруды тапсырған еді. Орталық биыл Астанада ашылады. Бұл бастама жетекші IT-компанияларды, зерттеу зертханаларын, стартаптарды және білім беру бағдарламаларын бір алаңға біріктіруге мүмкіндік беріп, бірлескен шешімдер әзірлеуге жағдай жасайды. Біз ЕАЭО елдерін күш біріктіріп, Alem.ai орталығы негізінде жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынамыз», – деді премьер-министр.

ЖИ-ді дамыту бойынша арнайы Кеңес құрылады

Бектенов Президент жанынан жасанды интеллектті дамыту жөніндегі Кеңес құрылатынын да хабарлады.

«Бұл кеңес отандық және халықаралық жетекші сарапшыларды біріктіріп, осы саладағы озық технологиялар мен тәжірибелерді интеграциялауға ықпал етеді», – деді бұл туралы.

Қазір елімізде AI-стартаптарды қолдау мақсатында Astana Hub базасында құны 1 млрд доллар болатын венчурлік инвестициялық қор құрылған.

Astana Hub технологиялық прогресс пен инновацияларды біріктіретін өңірлік орталыққа айналды. Бұл жерде 1500-ден аса қатысушы тіркелген. Олардың жалпы жылдық түсімі 1 млрд доллардан асады. Қатысушылардың ішінде 150-ге жуығы жасанды интеллектпен айналысатын стартаптар. Higgsfield AI, Cerebra, CodiPlay, Arlan Biotech, Alaqan тәрізді жобалар халықаралық нарықтан орын алды. Кейбірінің құны 100 млн долларға жетті.

Айта кетейік, Қазақстанда KazLLM атты ChatGPT-дің қазақша нұсқасын іске қоспақшы. Ол қолданушылардың сұраныстарын өңдеп, жауаптар құрастырады және түрлі тапсырмаларды орындайды.

Сондай-ақ оқыңыз