Су тасқынының алдын алу жұмысы аясында бірнеше министлік бірігіп әзірлеген «Tasqyn» болжау жүйесі ықтимал су басу аймақтарын 7 күнге дейін 85% дәлдікпен модельдей алады. Бұл туралы үкімет сағатында су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз мәлім етті.
Мән-жайы
Оның айтуынша, ақпараттық жүйе төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жаһандық GLOFAS жүйесімен біріктірілген. Оған елдің, соның ішінде су тасқыны қаупі бар 17 мың өзеннің деректер базасы енгізілген.
«Жалпы, «Tasqyn» жүйесі су шығыны мен өзен деңгейінің 30 күнге дейінгі ұзақ мерзімді және 15 күнге дейінгі қысқа мерзімді болжамын жасай алады. Яғни су көлемін, келетін су деңгейі мен ағызылу мөлшерін көрсетеді. Сондай-ақ жүйе ықтимал су басу аймақтарын 7 күнге дейін 85% дәлдікпен модельдей алады» деді Болат Бекнияз.
Су қоймаларын бақылау
Вице-министр республикалық меншіктегі 86 ірі су қоймасы бойынша су көлемі, келуі және ағызылуы жөнінде функционал енгізілгенін айтты. Сондай-ақ орталық, солтүстік және батыс аймақтардағы өзендердің басым учаскелерінде батиметриялық түсірілімдер жүргізіліп, олардың нәтижелері «Tasqyn» ақпараттық жүйесіне енгізіліп жатқанын жеткізді.
Бұған дейін, Tasqyn жүйесінің жұмыс істеу алгоритмі айтылған. Оған сай, бірінші, құзырлы органдар жүйеге су айдындарындағы су деңгейі, су жіберу көлемі және гидрометеоболжам бойынша мәліметтерді енгізеді. Сол деректердің негізінде мамандар су тасқыны туралы алдын-ала болжам жасайды.