Жаңалықтар

Отбасылық кәсіп: бірігіп ашқан бизнестің дәурені ұзақ

Отбасылық бизнес ашудың артықшылықтары / Фото: shutterstock

Отбасылық бизнестің дәурені ұзағырақ әрі діңі берігірек болады. EY and University of St.Gallen жүргізген How the world’s largest family businesses are outstripping global economic growth зерттеуінде осындай тұжырым жасалған екен. Атап айтқанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша бір отбасының мүшелері бірігіп ашқан кәсіп басқа бизнестерге қарағанда екі есе көп табыс әкеледі деседі. Олай болса, отбасылық бизнестің қандай құпиялары болатынын, артықшылықтары мен кемшіліктерін, сондай-ақ, әлемге әйгілі әулеттердің кәсібін шолып шығайық.

Отбасылық бизнес деген не?

Отбасылық бизнес деген — бір отбасы мүшелерінің бақылауында болатын компания. Мысалы ағалы-інілі, әпкелі-сіңлілі, ерлі-зайыптылар бірігіп бастайды. Бастысы бизнес үлесінің кемінде 50 пайызына иелік етуі керек. Сәтті жүріп кетіп жатса, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете береді. Алпауыт корпорациялардан мұндай жағдайды жиі көре аламыз. Бірақ қашан ашылса да, басқа бизнес түрлеріне қарағанда мұнда дағдарысты еңсеру оңайлау болып келеді. Өйткені барлығы жұмылып жұдырық болады. Бір мақсаттың астында біріккендіктен, ұзақ мерзімге бағытталады. Отбасы мүшелері ортақ іс болғандықтан, жауапкершілік сезініп, қиын-қыстау кезеңде бір-біріне мықты қолдау білдіреді.

Қандай статистика бар?

Фэмили бизнес әлем бойынша қарқын алып келеді. Мысалы Сауда және өнеркәсіп палатасының 2023 жылғы деректерін қарайық. Еуропа елдерінде отбасылық компаниялар жалпы үлестің 65-80 пайызын алады екен. Жұмыс орындарының 50 пайызына жуығын осы отбасылық бизнес қамтамасыз етіп отыр. Ұлыбритания мен АҚШ-та жұмыс істеп жатқан жалпы қызметкерлердің 60 пайызға тарта бөлігіне отбасылық бизнес жұмыс беріп отыр.

Әлемге әйгілі отбасылық бизнестер көбіне мына елдерде орналасқан:

  • АҚШ
  • Германия
  • Франция
  • Қытай
  • Италия

Жарқын мысал болатын компанияла

Ford Motor Company

Хенри Фордтың (Генри Форд) бала кезден бергі арманы машина құрастырып шығу болған екен. 12 жасар кезінен осы идеяға қатты берілген. Осы арманның жетегінде жүріп, ол 1908 жылы ақыры іс бастап, алғашқы арзандау моделін жасап шығарады. Араға 5 жыл салып, 1913 жылы конвейерді іске қосады. Бұл бірінші кезекте Хенридің ғажап өнертапқыштығының арқасы, әрине. Дегенмен оның табысқа жетуіне оның отбасының да әсері мол. Өйткені әйелі оны әрдайым қолдап, қолпаштап, үйдегі музасы болып отырған. Ал балалары мен немерелері оның бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, компания тізгінін іліп алып кеткен. 1918 жылы Хенри Форд компанияға ұлын басшы етіп бектісе, 1945 жылы немересі — II Хенри Фордқа береді. Бүгінде Ford Motor Company директорлар кеңесінің төрағасы — шөбересі Уильям Клей Форд.

Estee Lauder Companies

Бұл косметика компаниясын қазір білмейтін адам кемде-кем. Негізін америкалық Эсте Лаудер қалаған. Бала кезде көкесімен үйдегі аядай асүйде крем қайнататын болған екен. Сөйтіп дайын өнімді сыныптас қыздарына сатып келеді деседі. Кейіннен тұрмысқа шығып, күйеуімен бірге әр түрлі типті бет терісіне арналған қолдан жасалған крем жасап сатады. Әлемді әдемірек етуге үлес қоссам деген ниеті мен бала күнгі арманы оны алға жетелеп, ақыры алпауыт компания құруға жеткізген. Үйде басталған шағын кәсіп уақыт өте келе танылды. Ал оның басы-қасында ерлі-зайыптының бірігіп жасаған еңбегі тұр. Қазіргі таңда компанияның Эстенің балалары мен немерелері басқарып жатыр.

Ferrero

Ферреро әулетін де қалың көпшілік жақсы біледі. Өйткені Киндер-сюрприз, Ферреро мен Рафаэлло кәмпиеттері, Нутелла пастасы сияқты баланың да, ересектің де сүйікті тәттілерін жасап шығарады. 1940 жылдары Италияда тәтті сататын шағын дүкен болып ашылған. Арада бірнеше он жылдық өткен соң үлкен шоколад фабрикасына айналып шыға келеді. Бұл компанияда отбасылық құндылық жоғары екеніне дәлел болатын жайттарды атап өтейік. Мәселен Нутелла пастасын жасау туралы идея Пьетро Феррероға тиесілі болса, ал Киндер-сюрприздердің жаңа үлгісін үлкен ұылы Микеле жасаған. Бүгінде компания кіші ұлы Джованнидің қолында.

Walmart

Бүгінде отбасылық компаниялардың ішіндегі ең үлкені Walmart деп саналады. Әлем бойынша бірінші орында тұр. 24 елде 10 000-ға жуық дүкені бар. 1950 жылдары ағайынды Сэм және Джеймс Уолтондар негізін қалаған. Бұл бизнестің басқалардың ерекше болып, көпке ұнаған тұсы — бағасы арзан, бірақ қызмет көрсету сапасы керемет болғаны. Клиенттеріне жақсы қызмет көрсеткендіктен, шағын дүкен тез арада супермаркеттер желісіне айналып шыға келді. Айналымы бірнеше миллион доллардан асып түседі. Бүгінгі таңда компанияны ағайынды Уолтондардың мұрагерлері басқарып отыр.

The body shop

The body shop брендінің негізін 1976 жылы ерлі-зайыпты Анита мен Гордон Роддик қалаған. Сапасы мықты, табиғи ингридиенттерден тұратын косметика және күтімге арналған құралдар жасаумен айналысады. Брендтің тағы бір ерекшелігі — косметиканы сынау үшін жануарларға тәжірибе жасауға қарсы шыққан алғашқы компания болғаны. Олардың мұндай ұстанымы қалың көпшілікке қатты ұнады, назар аударды. Қазіргі таңда The body shop желісі әлемнің 66 елінде бар. Дүкен саны 3000-ға жуық.

Auchan

Отбасылық кәсіптің тағы бір жарқын үлгісі — Ашан. Шағын дүкен болып басталып, кейін келе үлкен гипермаркеттер желісіне айналған компания. Негізін қалаған — Жерар Мюлье. Ол бала кезінен саудамен айналысқысы келген. Тіпті алғашқы бастамасы сәтсіз болып, пайда көрмек түгілі шығынға батқан. Бірақ әкесі көмектесіп, қалай сату керегін үйреткен. Бизнесін аяққа тұрғызуға көп қол ұшын берген. Жерардың ұстанымы мынадай болады: «маржасы 10 сантим болатын 10 кекс сатқаннан, маржасы бір сантим болса да 100 кекс сатқан жақсы» дейді. Сондықтан дүкен иесі тауарларының бағасын барынша арзандатып, көпшіліктің назарын аударады. Ал бүгінде Ашан желісінің 17 елде 3500-ден астам дүкені бар.

Отбасылық бизнес: артықшылықтары мен кемшіліктері

Отбасы мүшелерінің бір жеңнен — қол, бір жағадан — бас шығарып, ортақ іске жұмылғаны жақсы. Олар қиын-қыстау кезеңде бір-біріне демеу береді, қолдайды. Десе де, кемшіліктері де болады. Олай болса, бірлесіп ашқан бизнестің жақсы және кемшін тұстарына тоқталайық.

Артықшылықтары

  • Бір отбасы мүшелері негізін қалаған жұмыста жоспар ұзақ мерзімге жасалады. Қазір пайда тауып, көп ақшаға көмілуді ғана емес, кәсіптің маңызын жақсы түсінеді. Өйткені бұл бизнесінің өзінен кейін ұрпақтарына да жеткенін қалайды. Әдетте мұндай компаниялардың басшылары бизнесін өмірлік миссиясы деп санайды да, барынша кіріседі. Фэмели бизнесте көбіне психикалық тұрғыда сау атмосфера орнайды. Мұнда адамдар бір-біріне сенеді. Бизнеске «баспен» кіріп кетеді де, мотивация мол болады. Жұмылған жұдырықтай қылып жүргізу оңайырақ, өйткені басында туыстар тұрады. Бір отбасының мүшелері болғандықтан бір-бірін жақсы түсінеді, ұрыс-керіс, түсініспеушілік анағұрлым азырақ болады. Бір қызығы, отбасылық бизнеске қызметкер болып келгендер арасында да бір-бірін тауып, жұп болатындар көп екен.
  • Мұндай ұжымды басқару оңайлау. Өйткені туыс болғандықтан, олар бір-бірінің әлсіз тұсын да, мықты жерін де жақсы біледі. Сырттан қандай да бір қауіп туа қалса, «бәріміз — біріміз үшін, біріміз — бәріміз үшін» деп оңай бірігеді. Тіпті өз араларында келіспей қалып жатса да, қиын-қыстау кезеңде бір-бірінің жанынан табылуға даяр тұрады. Жақындарыңмен келісімге келу әлдеқайда оңайырақ. Сондықтан шешім қабылдаған да жеңіл. Соның арқасында өте икемді әрі бәсекеге қабілетті болып келеді.
  • Қаржылық және ұйымдастыруға қатысты мәселелер оңай шешіледі. Егер компания дағдарысқа тап болып жатса, туыстар тегін істей беруі мүмкін. Компанияға түсіетін табыс пен капитал бір отбасының ішінде қалады. Басқа отбасылық шаруаларды реттеу үшін жұмыс кестесін қалауыңызға қарай реттеп ала аласыз. Егер әлдебір құпия рецепт не табысқа қатысты дүниелер бар болса, ол әулет ішінде қалып, жария болмайды.
  • Отбасылық бизнеске деген сенім көбірек. Клиенттер тарапынан, әсіресе. Себебі отбасылық кәсіп десе көпшіліктің есіне жоғары сапалы өнім, отбасылық құндылық, мол жауапкершілік түседі.

Кемшіліктері

  • Айтқандай, отбасылық кәсіптің қанша жерден артықшылығы мол болса да кемшіліктері де бар. Соның ішінде қаупі жоқ емес. Ең бірінші қауіп — қаражатқа қатысты. Олай дейтініміз, егер кәсіп алға жүрмей қалса, онда түгел отбасы ақшасыз қалады.
  • Келесі қауіп — бизнес отбасы мүшелерінің қарым-қатынасына кері әсер етуі мүмкін. Үй мен сырттың шаруасы бір-біріне біріктірмеу қиын. Себебі жұмыстағы мәселе — үйге, үйдің мәселесі жұмысқа қосылып кете береді. Туысыңыз болғандықтан, оның атқарған жұмысына теріс баға беру қиын. Ал енді айтпай, көңіліне қарап жүре берсеңіз, онда ол компанияның нәтижесіне әсер етеді.
  • Егер проблеманы дер кезінде талқылап алмасаңыздар, уақыт өте келе шиеленісіп кетуі мүмкін. Ол отбасылық қарым-қатынасқа да әсер етіп, бауырлар бір-бірімен араласпай, ерлі-зайыптылар ажырасып, әкелі-балалылар ат құйрығын кесісіп жатады. Мұндай жағдайлар болуы мүмкін екенін жасыра алмаймыз.
  • Кейде мұндай бизнесте отбасының басқа мүшелері еріксіз жұмысқа тартылады. Айталық, әкесінің бастаған ісін баласы жалғастыруға міндетті болады. Егер баласына іс ұнаса, керемет. Ал енді көңілі қаламаса, зорлықпен жүрсе көп ұзамай бизнес тәмамдалады. Кәсіптің алғышарты: сіз ісіңізді жақсы көруіңіз керек. Кейде жұмысқа тиісті тәжірибесі, білігі жоқ туыстарды алып жатады. Ал бұл бизнеске кері әсер беруі ғажап емес.
  • Отбасылық бизнеске, соның ішінде ұжымда бірыңғай туыстар жиналған жерге жалдамалы қызметкер тұрақтату қиын. Өйткені барлығы бір-біріне туыс екенін білген соң, жаңадан келген қызметкер өзін өгей сезініп, ыңғайсыздануы мүмкін.
  • Отбасылық кәсіпте заң жағынан да реттелуі керек мәселе көп. Себебі көбіне бір отбасы мүшелері құрған бизнесте құқықтар мен міндеттер нақтылана бермейді. Шегеленбеген соң түсініспеушілік көп болуы әбден мүмкін.
  • Ең үлкен кемшілігі ретінде толыққанды демалыстың болмайтынын айта аламыз. Өйткені қайда жүрсеңіз де жұмыс ойыңыздан шықпайды. Тіпті шетелге демалысқа кетіп қалсаңыз да, кәсібіңізді қадағалап отырмасаңыз болмайды. Соның кесірінен қажып, эмоциялық шаршап қалып жатады.

Отбасылық бизнес ашуға көмектесетін гайд

1-қадам. Саланың таңдап алыңыз

Бизнес бастау үшін ең алдымен қай салада болатынын нақтылау керек. Ол үшін өзіңізге мына сауалдарды қойып көріңіз:

  • Отбасы мүшелерінің қандай таланттары бар? Қандай мықты тұстары бар.
  • Туыстарыңызға (бірге кәсіп бастағыңыз келетін жақыныңыз туралы айтып отырмыз) немен айналысқан ұнайды? Не нәрсе ұнамайды? Айтқандай, кәсіп жасау үшін үлкен махаббат керек. Ал ұнамайтын саласына басқаны қинап кіргізуге болмайды.
  • Бизнес бастауға ресурсыңыз жеткілікті ме? Мысалы ғимарат, жабдық, бюджет және т.б.
  • Нарықта қандай салада бәсеке азырақ, бос? Қандай жерде бәсеке өте жоғары?
  • Өнім не қызметіңіздің басқалардан қандай артықшылығы бар? Несімен ерекшеленеді?

Жаңа бизнес-идеялар әдетте жан-жаққа көз тастап отырып келеді. Айталық, сіз жаңа саланып жатқан ауданда тұрасыз. Үйлер салынып жатыр, бірақ әлі мектеп пен балабақша салынбаған. Қаланың бас жоспарына қарасаңыз, мемлекеттік мектептің салынуына әлі ұзақ уақыт керек. Олай болса, мұндай жерден жеке мектеп не балабақша ашқан тиімді. Болмаса, оқушыларға арналған репетиторлық орталық ашуға болады. Сол сияқты кофехана, шаштараз, сұлулық салоны және т.б деп кете береді. Былайша айтқанда, нарықтағы әлдебір тапшылықты өз пайдаңызға шешіп, мүмкіндік ретінде көруге болады.

2-қадам. Бизнес-жоспар жасаңыз

Кәсіп бастап, «күйіп» кетпес үшін қаржыға қатысты тәуекелдерді жақсылап қарастыру керек. Сондықтан жобаңыздың бизнес-жоспарын жасау маңызды. Оның ішінде мына сұрақтарға жауап табылуы керек:

  • Жаңа бастаған кезде қандай инвестиция керек болады? Мысалы жөңдеу жұмысына не жабдық сатып алуға дегендей.
  • Істі бастап кетуге дайындыққа қанша уақыт кетеді? Мерзімі бірнеше ай ма, әлде бірнеше апта ма?
  • Бизнесіңізді қалай дамытатын ойыңыз бар? Қалай клиент тартасыз? Ол үшін қалай жарнама жасайсыз?
  • Бизнес қашан өзін ақтайды? Алғашқы бірнеше айда шығынға батсаңыз, не істейсіз?
  • Араға жарты жыл, бір жыл салғанда табысыңыз қандай болады деп ойлайсыз?
  • Компания басқаруға білігіңіз бен біліміңіз жете ме? Қосымша оқу керек болуы мүмкін. Оған дайынсыз ба?

Бизнес-жоспар жасаған кезде артық идеяларды іріктеп алуға болады. Айталық, сіз кофехаус ашқыңыз келеді. Егер есептеген кезде сағатына 20 шыны аяқ кофе сату керек болып, ал сіз таңдаған жерде сағатына 5 шыны аяқ қана сатылатын болып жатса, онда бизнес өзін ақтамайды деген сөз. Сондықтан ең дұрысы бизнес-модельдің оптимистік, реалистік және пессимистік деп үш түрін жасаңыз. Сонда сіз болуы мүмкін неше түрлі жағдайға дайын боласыз.

3-қадам. Заңға қатысты мәселелерді реттеңіз

Кез келген бизнесті сауатты жасау керек. Ол отбасылық кәсіп болса да, заң жағынан бәрін реттеп, нақтылаған абзал. Заңды тұлға ретінде тіркеліп қана қоймай, еңбек шарттарын жасасып, қызметке қатысты нұсқаулықтар да болуы қажет. Еңбек шартында отбасының әр мүшесіне берілетін айлық, сағат саны жазылсын. Қызметтік нұсқаулықтар басында шамамен жасалады. Кейін уақыт өте келе нақтылана түседі. Бірақ бастысы бәрін бастап жатқан кезде тізім қылып жазып, келіспеушілік болмас үшін сақтану қажет. Отбасылық бизнесті ауызша емес, жазбаша бекіткен абзал.

4-қадам. Жұмыс шарттарын алдын-ала талқылап алыңыз

  • Шекара сызып алыңыз. Жұмыс уақыты қашан басталады, отбасыға көңіл бөлетін кез қашан? Қанша жерден сүйікті іс болса да, адамға демалыс керек.
  • Қаражат мәселесін талқылаңыз. Айлықты кім және қашан береді? Табыс қалай бөлінеді? Қосымша инвестиция керек болса, қайдан аласыздар?
  • Компанияны кім басқарады? Әр отбасы мүшесінің қандай рөлі бар? Тапсырмаларды қалай бөлесіздер?
  • Келіспеушілік бола қалса, оны қалай шешесіздер?

5-қадам. Бизнес-процестерді реттеңіз

Бірінші жылы оңай болмайды. Сабыр мен шыдам керек болады. Командада жақын адам болса, жақсы бастап кетуге көмектеседі. Бірақ толықтай қиындықтан қашып құтыла алмайтыныңыз анық. Мәселе туа қалса, жасырып жүрмей, ашық айтуға әдеттеніңіз. Көбіне шағын кәсіпорындар бизнес-процестерге мән бере бермейді. Десе де, бәрін шегелеп жазып қойған өзіңізге жақсы. Сонда қаражат жағынан да, басқа да қиындықтардан да оңай өтесіздер. Процестері оңтайландырылған жерді кеңейту де оңайырақ. Себебі жаңа қызметкерлерге дайын нұсқаулық бере саласыз.