Қазақстандықтар баспаналарын табиғи апаттан сақтандыруға міндетті бола ма?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Мүлікті сақтандыру бойынша халықаралық тәжірибе зерттелуде / Фото: kursiv.media архиві 

Қазақстандықтар өз үйлерін су тасқынынан сақтандыруға міндетті бола ма? Бұл сұраққа Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев жауап берді.

Вице-министр баспаналарды сақтандыруды міндеттеу мәселесі қай сатыда қаралып жатқанын айтты.

«Бұл мәселені қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қарауда. Жұмыс тобы құрылды. Әрине, халықаралық тәжірибе зерттелуде, басқа мемлекеттердің, әсіресе көршілес елдердің мұндай жағдайларда қандай қадамдар жасайтыны қарастырылуда. Сол тәжірибе қолданылып жатыр. Бұл – күрделі тақырып болғандықтан, қоғам талқылауына ұсынылатын болады. Жұмыс тобы ортақ шешімге келгеннен кейін, осы бағытта әрі қарай әрекет етеміз,» – деп түсіндірді вице-министр.»

Кеген Тұрсынбаев Қазақстанда әлі күнге дейін үйлерді су тасқынынан сақтандыру тәжірибесі жоқ екенін, ал Еуропа елдерінде мұндай жүйе қалыптасқанын ерекше атап өтті. Дегенмен, ол болашақта халық бұл тәжірибені қабылдайды деп үміттенеді.

Бұл мәселені осыған дейін сенатор Бибігүл Жексенбай да көтерген болатын. Депутаттың айтуынша, алдағы уақытта азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдары қарастырылуы керек. Дамыған елдерде апаттан келген шығынның басым бөлігін сақтандыру компаниялары да өз мойнына алады. Ол үшін экономика мен қаржы жүйесін дамытып, қоғамда тиісті мәдениет қалыптастыру керек.

Сондай-ақ оқыңыз