Қазақстандық футболшы Бахтиер Зайнутдиновқа испандық клубтан шақырту түскен

Жарияланды 1 Ақпан 2025 10:39

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Бахтиер Зайнутдинов
Бахтиер Зайнутдинов испаниялық клубқа ауысуы мүмкін / Фото:olympic.kz

«Бешикташтың» футболшысы Бахтиер Зайнутдинов Испанияның «Вальядолид» клубынан ұсыныс алды. Бұл туралы түркиялық BEGİKAD TV арнасының журналисі Сердар Сарыдаг жазған.

Дереккөздің мәліметінше, «Вальядолидтан» «Бешикташқа» Зайнутдиновты жалға алу туралы хабарлама келген. Түркиялық клуб міндетті түрде кері сатып алу деген опциясы болса, бұл ұсынысты қабылдауға дайын екенін білдірді.

26 жастағы қазақстандық Бахтиер Зайнутдиновтың өзі де Еуропаның ең мықты чемпионатының бірінде ойнауға қарсы емес.

Бахтиер Зайнутдинов – Тараздың тумасы, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы. 2023 жылы түркиялық «Бешикташ» клубына ауысты. Оған дейін қазақстандық «Астана«, ресейлік «Ростов» және «ЦСКА» клубтарында ойнаған.

«Вальядолид» – Испаниядағы кәсіби футбол клубы. Ел чемпионатын Ла Лигада 20-орын иеленеді.

Бұған дейін «Челсиге» ауысқан қазақстандық Дастан Сәтпаев туралы жазған едік. 16 жастағы ойыншыны ағылшын клубы 4,3 млн еуроға сатып алды.

Сондай-ақ оқыңыз