Шетелден қайтарылған активтерге Атырауда жедел жәрдем стансасы салынады

Үкімет Ақтауда облысында құны 4,6 млрд теңге болатын жедел медициналық жәрдем стансасын салады. Ол шетелден қайтарылған активтер есебінен жүзеге асады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлайды
Жедел және шұғыл медициналық станса жылына 100 мыңға жуық адамға қызмет көрсете алады. Жаңа нысан Ақтау қаласындағы 34А шағын ауданында салынады. Стансамен бірге оқу-симуляциялық орталық, санитарлық көліктерге арналған жөндеу және жуу базасы да салынады.
Қазір құрылыс бастау үшін жер қазу жұмыстары аяқталып, ішкі инженерлік желілер жүргізілді.
«Бүгінде Ақтауда 200 мыңға жуық адам тұрады. Аймақ бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Соңғы 7 жыл ішінде қалада 10 жаңа шағын аудан салынды. Жаңа жедел жәрдем стансасының құрылысы халықты қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп жазылған хабарламада.
Шетелге кеткен заңсыз активтер еліміздегі арнаулы қорға жиналған. Қазір ондағы қаражат – 177 млрд теңге. Атыраудағы жедел жәрдем стансасынан бөлек Ақмолада спорт кешені және Түркістан өңірінде музыка мектебін салу жоспарланған.