Ақпан айының алғашқы аптасын қалай қызықты өткізуге болады?
Ақпан айының алғашқы аптасы ән өнерін жақсы көретіндер үшін жақсы жаңалыққа, ерекше концертке толы болмақ. Ақпанның бірінші аптасына арналған бағдарламада шығармашылық кеш те бар, әзілкештердің стендап шоуы да бар. Керегіңізді таңдап, алдын ала билет алып, аптаңызды бүгіннен жоспарлап қоюға кеңес береміз.
ORDA тобының ән кеші
Талдықорған қаласы
5 ақпан
ORDA – поп-рок пен қазақ этникасының элементтерін ұштастыра отырып, қазіргі заманғы және динамикалық дыбыстың арқасында бүгінгі күнге дейін тыңдаушылардың жүрегін жаулап келе жатқан танымал қазақстандық бойзбенд.
Тарихы сонау 2000-шы жылдардан бастау алатын «Орда» тобы жылдар өтсе де, тыңдарманының көңілінен кеткен емес. Бұл топтың әнін түрлі буын өкілі жатқа біледі, караоке залында ең жиі шырқалатын әндер тізімін де «Орда» тобының әндері бастап тұрады. Караокеге барып, топтың «Белгісіз жан» деп аталатын әнін жанын салып орындамаған адам жоқ та шығар. Жасы да, кәрісі топтың әнін естісе қосыла шырқап, ырғағына ілесіп, тербеле жөнеледі. Заманының жаңалығы болған топ әлі күнге ел аузында.
Топ құрылған күннен-ақ көрермен ықыласына бөленді. Әуелде «Бауыржан шоу» әзіл-сықақ театры сахнасына шыққан ағайынды Оразбековтер мен ағайынды Беделхандар уақыт өте «Орда» болып, сол кездегі топ чарттарда алдына жан салмады.
Алғашқы жылдары шыққан «Қилы Заман» әні «платина» дәрежесін иеленіп, 50 апта бойы «Европа Плюс КЗ» радиосының ротациясында 1-ші орында болды.
Топтың концерттерін, сахнаға шыққанын қазір де тыңдарман асыға күтеді. Жиі концерт бермесе де, жұлдыздар залды жылдам жинайды. Қазір олар гастрольдік тур жасап, елдің әр өңірін аралап, концерт беріп жүр. Алдағы аптада шығармашылық ұжым Талдықордағы жанкүйерлерімен жүздеспек.
Концерт Талдықорған қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 67 мекенжайы бойынша орналасқан Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өтеді.
Басталуы сағат 19:00-де. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз
Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Қазағым-ай» кеші
Астана қаласы
6 ақпан
«Қазақконцерт» ұжымы қазақтың біртуар мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Қазағым-ай» атты кешке шақырады. Ақиық ақынның өлеңмен өрілген отты жырлары, әуезді әуен және жанды дауыста шырқалатын әсерлі әндер көрерменге естен кетпес естелік сыйлайды.
Шығармашылық ұжым бұл кеш бұрынғы кештерге ұқсамайтынын, ерекше форматта өтетінін айтады. Кеште «Мен деп ойла», «Есіңе мені алғайсың», «Бақыт деген», «Күрең күз», «Саған қарай барады ұшып» секілді халық сүйіп тыңдайтын әндер ұсынылады. Ал артистерді сахнада кәсіби музыканттар сүйемелдеп отырады және бұл да кешке өң бере түседі.
Көрермен үшін сахнада «Қазақконцерттің» әйгілі солистері өнер көрсетеді, оның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Ысқақова, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Азамат Жылтыркөзов, Нұрболат Арзамасұлы, Гүлсім Мырзабекова
Мәдениет қайраткерлері Толғанбай Сембаев, Ерболат Шалдыбеков,«Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Әлібек Әлмадиев, Асқар Мұқият, Азат Мәлік және Аяулым Қамажан, мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Алтыншаш Мұқатаева, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Біржан Айтахмет, Сұлтан Ахмет, Ербол Тәжібаев, Айдос Саниязбек, Амин ИбраҺим, Жанна Сандыбаева, Дария Бекпенбетова, Анна Уварова бар. Сонымен қатар кеште «Birlik» ансамблі де өнер көрсетеді.
Жалынды поэзия, жанды дауыстағы музыка және орындаушылардың шеберлігі үйлесімді ұштасқан керемет кештен қапы қалмаңыз! Ақиық ақынның туған күні қарсаңында өткелі отырған тамаша кешке барып, нағыз өнермен сусындап қайтыңыз.
Кеш 6 ақпан күні сағат 19:00-де Астанадағы Qazaqstan орталық концерт залында өтеді. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан ала аласыз.
Жандос Қаржаубайдың алғашқы шығармашылық кеші
Алматы қаласы
7 ақпан
Көпшілікке «Көзмоншағым», «Уақыт», «Көктемде үйленем», «Ақмаралым» және өзге әндерімен танылған жас әнші Жандос Қаржаубай алғаш рет тыңдармандарын жинап, шығармашылық кешін бермек.
Хит әндердің орындаушысы әрі авторы ретінде танылып жүрген Жандостың туындыларын қазақ эстрадасының бірқатар азаматы орындап жүр. Қуандық Рахымның репертуарындағы «Жан досыма», «Алматы», Кеңес Әлімжанды қалың көпшілікке танымал еткен «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?», Әбдіжаппар Әліқожаның «Келесі кездесу», «Хақың бар өмір сүруге» әндерінің сазгері де осы Жандос Қаржаубай. Мерекелік кеште Жандостың өмірдегі және өнердегі ағалары мен әріптестері бой көрсетеді. Олардың қатарында Әбдіжаппар Әлқожа, Қуандық Рахым, Жұпар Садақбаева және өзге де эстрада өкілдері бар. Бұл көп адамның көмейінде жүрген, кейінгі жылдары көп тыңдалып жүрген танымал әндер шырқалатын жарқын кеш болмақ.
Концертте Жандос Қаржаубайдың алғашқы шығармашылық жолынан бастап, бүгінгі күнге дейін тыңдарманның көңілінен орын тапқан үздік әндері орындалады. Жүректі тербеп, жаныңызды емдейтін әдемі кеште ырғақты әуендерге билеп, жан тебірентер ойлы әндер арқылы бір тынығып қайтыңыз.
Әншінің шығармашылығында маңызды әрі жауапкершілікке толы қадам жасалғалы отыр. Қай әнші болмасын, сахнада алғаш шыққан күннен-ақ, кейін бір күні қорытынды кеш беріп, Республика сарайы сахнасына шықсам деп армандайтыны анық. Жандос Қаржаубайдың да 7 ақпан күні сол арманы орындалғалы тұр. Ол барша тыңдарманын алдағы жұма күні сағат 19:30-да Республика сарайында күтеді.
Билеттерді Ticketon.kz сайтынан ала аласыз.
Темірлан Шангиреевтің стендап концерті
Алматы қаласы
9 ақпан
Темірлан Шангиреев баршаны өзінің Stand Up кешіне шақырады. Бұл – сілеңіз қатқанша күліп, отбасылық әзіл тыңдап, бір демалып қалатын өте жеңіл кеш болмақ.
Темірлан Шангиреев – стендаптарында мүлдем анайы сөз қолданбайтын, қазір өзекті боп жүрген мәселелерді астарлы әзіл арқылы көтеріп, көрерменін ду күлдіріп қоймай, терең ойға да шомдырып жібере алатын отандық танымал комик. Сонымен қатар ол стендаперлер арасындағы көптеген манимайктың чемпионы.
Кеш Алматыдағы Байзақов көшесінде орналасқан Smart Point алаңында өтеді.
Басталуы: сағат 20:00-де.
Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.
Азамат Жылтыркөзовтың жеке концерті
Астана қаласы
9 ақпан
9 ақпан күні Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының камералық залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтың жеке концерті өтеді. Концерт ұлы композитор Петр Ильич Чайковскийдің 185 жылдығына арналған.
Муызканттар үшін биылғы жылдың басты музыкалық оқиғасы – композитор Петр Ильич Чайковскийдің туғанына 185 жыл. Оның шығармалары адамзаттың музыкалық жылнамасындағы жарқын беттердің бірі деуге болады. Петр Ильич Чайковский өнері арқылы музыкаға және адамдарға қызмет ету, олардың ең басты, маңызды және толғандыратын мәселелері туралы «шыншыл, шынайы және қарапайым» түрде қатынас құруды көздеген. Чайковскийдің музыкасы адамның жүрек түкпіріндегі нәзік сезімдерін оятып, махаббат пен жанашырлықты, жақсылық пен бақытқа деген сенімді дәріптейді.
Чайковский шығармашылығында романс жанры ерекше орын алады. Онда автордың көркемдік даралығы айқын көрініс тапқан. Композитор романстарды шығармашылық жолының барлық кезеңдерінде жазған. Оның қаламынан 100-ден астам фортепиано сүйемелдеуімен орындалатын романстар мен әндер туған. XIX ғасырдың романстарының ішінде Чайковскийдің туындылары терең әрі жан-жақты лирикалық ойдың шыңы болып саналады.
Петр Ильич Чайковскийдің романстарын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, белгілі опера әншісі Азамат Жылтыркөзов орындайды. Кеш барысында «Нам звезды кроткие сияли», «Моя баловница», «Слеза дрожит», «Чаровница», «На сон грядущий», «Первое свидание», «День ли царит» сияқты алтын қордағы ең үздік романстар орындалады.
Белгілі баритон Азамат Жылтыркөзовтың кәсіби жетістіктері мол. 2006 жылы ҚазҰӨУ студенті кезінде ТМД елдері қатысушыларының IV Халықаралық Дельфий ойындарының алтын медалін жеңіп алды. 2007 жылы Варшавада өткен С. Монюшко атындағы вокалистердің VI Халықаралық байқауында Польша музыка академиясының арнайы сыйлығын иеленді. 2023 жылдың сәуір айында классикалық өнер саласындағы халықаралық BraVo сыйлығымен марапатталды. Ресей, Беларусь, Қытай, Жапония, Польша, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, БАӘ, Иордания, Швейцария, Австрия, АҚШ, Моңғолия елдерінде гастрольдік сапармен өнер көрсетті.
Концертте сонымен қатар филармонияның классикалық вокал бөлімі солисі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Фируза Рахметова өнер көрсетеді. Ол да көптеген танымал романстарына орындайды.
Вокалдық өнердің үздік туындылары рояльдің сүйемелдеуімен ұсынылады. Фортепиано партиясын Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның классикалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі» Роза Шотқалиева орындайды.
Алтын қордағы өнер туындылары орындалатын тамаша кеш 9 ақпан күніне жоспарланған. Басталуы сағат 17:00-де.
Билеттерді алдын ала сатып алу үшін Ticketon.kz сайтына өтіңіз.
Осы және өзге де түрлі іс-шаралар тізіміне, алдағы аптаға жоспарланған басқа да бағдарламалар жайлы білу үшін және қызық шаралардан үнемі бірінші болып хабардар болып отыру үшін Ticketon.kz сайтына өте аласыз.