АҚШ-та тұрғын үйлерге ұшақ құлады
Америкада Филадельфия қаласында медициналық ұшақ апатқа ұшырады деп хабарлайды Fox News.
Телеарна мәліметінше, әуе кемесі әуежайдан көтерілгеннен кейін 30 секундтан соң радардан жоғалып кеткен. Бортта екі пилот, екі дәрігер, науқас және оның туысы болған.
Аздан соң ұшақтың тұрғын үйге құлағаны белгілі болды. Үлкен жарылыс, артынан өрт шыққан. Жалын бірнеше ғимарат пен автомобильдерді де шарпыған.
Медициналық ұшақ тиесілі болған Jet Rescue Air Ambulance мәліметінше, әуе көлігі Америкада қауіпті аурудан емделіп жатқан кішкентай қызды тасымалдаған. Әуе апатының нақты себебі және ұшақта болғандардың тағдыры әлі белгісіз.
Жақында ғана Америкада 67 жолаушысы бар ұшақ пен тікұшақ соқтығысып, үлкен апат болған еді. Әуе көлігінде болғандардың барлығы дерлік қайтыс болды.