Түрмеде тамырын кесті деген Арман Жұмагелдиевтің жағдайы белгілі болды

«Дикий Арман» лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиев ҰҚК-ның тергеу изоляторында өзінің тамырын кескен немесе біреулер кесіп кеткен. Оның адвокаты Евгений Яворский осылай деп мәлімдеме жасады.
«Маған бір инсайдерлік ақпарат келіп түсті. Мен алған мәлімет бойынша, оның жағдайы ауыр, бірақ нақты не болғаны белгісіз. Оған қатысты толық ақпарат беру үшін Бас Прокуратурадан сұрағым келеді. Солай ма, солай емес пе? Қандай жарақат алды? Оның туыстары да уайымдап жатыр», – деді қорғаушысы әлеуметтік желіде жариялаған видеода.
Бірақ Ішкі Істер министрлігінің Қылмысты атқару жүйесінің комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды. Құзырлы орган өкілдерінің хабарлауынша, Жұмагелдиев өзін жарақаттаған.
«Сотталушы өзін аздап жарақаттады. Шұғыл түрде медициналық көмек көрсетілді. Жағдайы қанағаттанарлық. Аталған іске байланысты қызметтік тергеу басталды. Сотталушы ерекше бақылауда, қазір онымен мекеме психологтары жұмыс істеп жатыр», – деп жазылған комитет таратқан хабарламада
Арман Жұмагелдиев Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп айыпталып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Қаңтар оқиғасы кезінде «бір топ адамды ұрып-соғып, күштеп ұстаған» деген күдікпен ұсталған еді.