Димаш Құдайбергеннің әні америкалық чарттарда бірінші орынға шықты
Димаш Құдайбергеннің әні америкалық чарттарға тарап, бірінші орынға шықты деп жазады әншінің сайты.
Америкалық «iTunes Top 100» қосымшасында «Smoke» трегі 32-орында тұр. Тағы бір чарт «Amazon» – да ол ән «Best Sellers in Songs» санатында 10-орын иеленген. «Smoke» фольклорлық вайбты электронды музыкамен және барлық жағынан жоғары вокалмен үйлестіретін композиция деп бағаланған «Best Sellers in Pop» категориясында бұл ән бірінші орыннан көрінді.
Димаш Құдайберген жайлы америкалық «Haute Living» басылымына мақала да шыққан.
«Димаш Құдайберген бүкіл әлем бойынша көрермендерді неоклассика, поп-музыка, қазақ фольклоры мен заманауи музыканың бірегей бірігуімен баурап алып, Азияның ең танымал әртістерінің біріне айналуда. Димаштың өнердегі еркіндігі оған қайталанбас және мәңгі есте қаларлық дыбыстық ландшафт жасау үшін дәстүрлі қазақ әуендерін әлемдік музыкамен араластыра отырып, әртүрлі музыкалық стильдерді еркін зерттеп, жаңа өнер жауһарын ойлап табуға мүмкіндік беруде. Димаш үшін музыка – жай ғана көңіл көтеру құралы емес, бұл әлемдік сахнада Қазақстанның бай мәдениетін көрсетуге арналған платформа», – деп жазады шетелдік БАҚ қазақстандық әнші жайлы.
Осы жылы қаңтарда Димаш Құдайберген жайлы Ұлыбритания, Аргентина басылымдары мақала жазып, оның «ерекше дарыны мен жеке тұлғасын» атап өткен еді.
Қазір әнші Венгрия астанасы Будапештте өтіп жатқан Virtuosos жобасындағы әділ қазылар алқасының мүшесі атанды. Онда Венгрия, Аустрия, Словения, Сербия және Черногория елдерінен өнерпаздар бағын сынайды.