Алматыда өткен жиында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосымша құн салығының көтерілуі тұрғын үй бағасына әсер етпеуі керек деді.
«Оған (ҚҚС көтерілуі – ред.) қарсы болғандар көп. Олар бұл өзгерістен кейін тұрғын үй бағасы көтеріледі деп болжайды. Өткен жылы біз алғаш рет 18 млн 900 мың шаршы метр үй салдық. Мұндай Қазақстанда болмаған. Барлық құрылыс компаниялары қатысты, бірақ әрине, алдымен елдегі тұрғын үй бағдарламасының аясында орындалды. Осы жылы 19 млн шаршы метр үй салу жоспарланып отыр. Үй бағасын қымбаттату бізге керек емес. Және олай болмайды деп болжап отырмыз», – деді министр жиналғандарға.
Жұманғаринның сөзінше, қазір салық көтерілуіне қатысты заң жобасы үкімет, Президент әкімшілігі деңгейінде талқыланып жатыр.
Нарықтағы сарапшылар 2025 жылы үй баға өседі деп бұған дейін де айтқан еді. Олардың пікірінше, оған әлемдегі геосаяси жағдайлар, инфляция қарқыны себеп болады.
Ал қосымша құн салығын тіркеу шегі мен салық мөлшерлемесі өсетіні жайлы хабардан соң мамандар елдегі баға да қоса қымбаттайды деген пікірде.