АҚШ-тың Калифорния штатының Мартинес қаласында орналасқан мұнай өңдеу зауытында өрт шықты. Зауыттың алты қызметкері зардап шегіп, төртеуі ауруханаға жатқызылды. Билік тұрғындарды үйден шықпай, кондиционер мен желдеткіштерді қоспауға шақырды.
Мәселенің мәні
CBS телеарнасының ақпаратына сүйенсек, өрт шыққан мұнай өңдеу зауыты Martinez Refining Company компаниясына тиесілі. Өрттің жергілікті уақыт бойынша 1 ақпанда 14:00-де (Астана уақытымен 2 ақпанда түнгі 3:00-де) басталғаны туралы хабарланды. Өртті сөндіру үшін төрт сағат уақаты қажет болған.
Өрттің қандай себеппен басталғаны белгісіз. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, мұнай өңдеуде қолданылатын көмірсутектердің ағып кетуі өрттің шығуына әсер еткен.
Тұрғындарға ескерту
Төтенше жағдайға байланысты Колифорния штатының билігі Мартинес қаласымен жақын маңдағы елді мекендерде ескерту жасады. Тұрғындарға жабық аймақта болу, үйден немесе ғимараттан шықпау, терезелер мен есіктерді жабу, ауа кіретін саңылауларды дымқыл шүберекпен бекіту, желдеткіштер мен кондиционерлерді өшіру ұсынылды.