Lifestyle

Миллионер Дінмұхамет Ыдырысов туралы не білеміз?

Миллионер Дінмұхамет Ыдырысов туралы не білеміз?
Миллионер Дінмұхамет Ыдырысов туралы не білеміз? / Фото: 7kun.kz

Дінмұхамет Ыдырысов – байлығы жарты млрд доллардан асатын қазақстандық кәсіпкер. Ол банк, телекоммуникация, тау-кен және коммуналдық қызмет салаларындағы активтерге иелік еткен. 

Дінмұхамет Ыдырысов деген кім?

Ол 1964 жылы 29 желтоқсанда Шымкент қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Өскемендегі Шығыс Қазақстан техникалық университетінде азаматтық инженерия мамандығын, 1999 жылы Алматы қаласындағы Нархоз университетінде экономика мамандығын бітіріп, 2002 жылы құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу институтында докторлық диссертация қорғаған. 2006 жылы ҚР Инженерлік академиясының академигі болды.

Ыдырысовтың байлығы

Ыдырысовтың активтері туралы мәліметтер 2012 жылдан бері жариялана бастаған. Сол кезден бері оның байлығы 2,4 есе өскен. Яғни бастапқы 2012 жылы 220 млн доллар болса, 2024 жылғы байлығы 530 млн долларды құрайды.

Негізгі активтері – Ordabasy Group, «Ушкую» АҚ-дағы үлесі, «Kundybai Mining» АҚ-дағы үлесі, «Керегетас тау-кен компаниясы» ЖШС-дегі үлесі, «Триасмұнайгаз» ЖШС-дегі үлесі, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС-дегі үлесі. Шымкент, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарындағы коммуналдық қызмет саласында жұмыс істейді.

Бірқатар компаниялар немесе олардың үлестері Ыдырысовтың әйелі Магда Ыдырысова мен ұлы Жармұхаммед Аппазға тиесілі. Жармұхаметтен басқа, Камал, Мадина, Алина, Луиза деген балалары бар. Өзге 2 баласы туралы ашық дереккөздерінде ақпарат жоқ.

Дау-дамай:

  • Ұлттық банк ісі

      Қазақстандық ауқатты адамдар арасында ең көп дау-дамайға ұшыраған кәсіпкер деп Ыдырысовты айтуға болады. Оған қатысты ең танымал сот Ұлттық банктің шағымымен болған. 2017 жылы Qazaq Banki банк акцияларының 9,39% иелік еткен Ыдырысовтың кепілдігімен Ұлттық банктен 85 млрд теңге көлемінде несие алады.

      Qazaq Banki қарыздың бір бөлігін қайтарған. Қарыздың екінші бөлігін Ұлттық Банк кепілгерден сот арқылы өндіріп алуға мәжбүр болған. Яғни Ыдырысовтан. Апелляциялық сот оны Ұлттық банкке 24,9 млрд теңге төлеуге міндеттеген.

      • Bank RBK ісі

      Ыдырысов 2017 жылы қарашада Bank RBK акционерлер құрамынан шыққан. Ол құрылтайшылықтан кеткеннен кейін банк «DSFK арнайы қаржы компаниясы» атты ұйым құрып, банк борышкерлерінен қаржы жинауды тапсырған. Борышкерлер қатарында Ыдырысов та болған.

      Компания одан 28,6 млрд теңге қарыз өтеуді талап еткен, алайда қарыз өтелмегеннен кейін оның үстінен сотқа шағымданған. Бастапқыда сот Ыдырысовтың банктегі меншікті облигацияларын қарыздың өтеуі деп қабылдауға келіскен. Алайда банкті банкроттықтан құтқару кезінде «Қазақстандағы тұрақтылық қоры» соттың бұл шешімімен келіспей, қайта арыз түсірген. Сот Ыдырысовты DSFK компаниясына шығынды өтеуге міндеттеген.

      • Миллионер Сәрсеновпен талас

      2018 жылы Ыдырысов AltynEx Company алтын өндіруші кәсіпорнына қатысты дауға тап болды. Басты айыпталушы осы бизнестегі серіктесі Уәлихан Нұрмұхамедов болған. Ыдырысов істе куәгер ретінде тіркелгенімен 2019 жылы істен біржола шығу үшін медиативті келісімге қол қойған. Сол жылы ақпан айында Ыдырысов кәсіпорынның директорлар кеңесінен шығып, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. 2021 жылы AltynEx Company кәсіпорнын миллионер Рашит Сәрсенов сатып алды.

      Алайда 2022 жылы Ыдырысов бұл шешімге қарсы шықты. Айтуынша, 2019 жылы «полициядан психологиялық қысым» көріп, кейіннен сату туралы келісімге қол қоюға мәжбүр болған. Сондықтан келісімді заңсыз деп тануды сұрап, сотқа жүгінді, алайда 2023 жылдың жазында сот оның талабын қанағаттандырмады. Ал апелляциялық сот Ыдырысовтың талабын заңды деп тауып, 2019 жылғы келісімде заңнамалық нормалардың бұзылғанын анықтады.

      2024 жылы желтоқсанда Орталық депозитарий AltynEx Company кәсіпорнының акцияларын Ыдырысовқа жазғаны белгілі болды. Айта кетейік, 2024 жылы қазан айындағы KASE мәліметінде кәсіпорын Рашит Сәрсеновтың ұлы Эльдар Сәрсеновке тиесілі болған. 2025 жылдың қаңтар айында қазақстандық БАҚ беттерінде Ыдырысовтың Сәрсеновке 50 млрд теңге қарыз екені жазылды. БАҚ ақпаратына сүйенсек, Сәрсенов AltynEx Company кәсіпорнының Ыдырысовқа қайта берілгеніне келіспей, құқық қорғау органдарына арыз түсірген.

      • Актер Асқар Жұмабектің ісі

      Ыдырысовтың өзі ғана емес, баласы да даулы істерге іліккен. Мәселен, 2022 жылы Алматыдағы мейрамханалардың бірінде Жармұхамед Аппаз (Ыдырысовтың ұлы) бен Нұрахмет Нұғманов (Ыдырысовтың «Триасмұнайгаз» компаниясындағы серіктесі Бахараддин Аблазимовтың ұлы)  төбелеске қатысқан. БАҚ ақпаратына сүйенсек, бұл екі азамат «мейрамхана қызметкерлеріне шабуыл жасаған». Нәтижесінде оларға араша түспек болған бес күзетші, диджей мен мейрамхана қонағы, белгілі актер Асқар Жұмабек ұсталып, іс қозғалған. Айта кетейік, түрлі өнер адамдарының қолдауынан кейін 6 жыл 6 айға сотталған актер 2025 жылдың қаңтарында босап шықты. Өзге азаматтарға қатысты ақпарат белгісіз.

      Айта кетейік, осыған дейін Ыдырысовпен алтын кәсіпорнына таласып отырған Рашит Сәрсеновтің дүние-мүлкі туралы жазған едік.