Өзбекстан 5 ақпаннан бастап Ташкент облысында орналасқан «Гишткуприк» шекаралық кеден бекетін 4 айға жабады. Бекет Қазақстан-Өзбекстан арасында көлік пен жаяу жүргіншілерді өткізуге қолданылып келген қазақстандық «Жібек жолы» бекетімен байланыста еді.
Gazeta.uz басылымының жазуынша, бақылау пунктінде үш жылдан астам уақыт жөндеу жұмыстары жүргізіліп келген. Сол жөндеуді алдағы 4 айда аяқтау жоспарланған. Бекет аумағы бір жарым гектарға кеңейтілмек, бұл оның өткізу қабілетін 350-ден 1000 көлік құралына дейін және 30 мыңнан 50 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Алдағы төрт айда жаяу жүргіншілер мен көлік құралдары, соның ішінде жолаушылар автобустары Қазақстан тарапынан «Зәңгіата», Өзбекстан тарапынан «Науаи» бекеттері арасында өткізіледі. «Науаи» бекетінде жөндеу жұмыстары жақында ғана аяқталған. Екі бекет арасындағы қашықтық 20 шақырымнан кем.
«Науаи» бекетінде жаяу жүргіншілермен жеңіл көліктер, автобустар өтетін тұста жүк көліктерін өткізуге тыйым салынбақ. Олардың қай бекетке ауысатыны туралы ақпарат әлі нақтыланбаған.
Айта кетейік, 1 ақпаннан бастап екі ел шекарасындағы «Тәжен» кедендік бекеті де жабылған еді. Қазақстан тарапы 3 ай бойы бұл бекетте жөндеу жұмыстарын жүргізеді.