Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев баспасөз қызметкерлерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады. Президенттің құттықтау хатын Ақорда жария етті.
Президент құттықтау хатында газет-журналдардың мемлекетті нығайтып, елді өркендету жолындағы еңбегіне ерекше тоқталып, қазақ басылымдарының рухани қорғаны және халық үнін жеткізуші екенін атап өтті.
«Газет-журналдарымыз ұлттық сана-сезімді дамыту ісінде айрықша рөл атқарады. Зиялы қауым өкілдері қоғамдағы көкейкесті мәселелерге қатысты ой-пікірін, негізінен, мерзімді баспасөз арқылы білдіреді. Елімізде түрлі кезеңде жарық көрген басылымдар қашанда ұлт мүддесіне адал қызмет еткен. Аға буынның сара жолын қазіргі кәсіби журналистер лайықты жалғастырып келеді. Олар шынайы ақпарат таратып, жалпыұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға белсене атсалысып жүр», – делінген президент құттықтауында.
2 ақпан Қазақстанда Ұлттық баспасөз күні аталып өтеді. Бұл күні 1913 жылы Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы сынды «Алаш» қайраткерлері «Қазақ» газетінің алғашқы санын жарыққа шығарған.
Айта кетейік, қаңтар айында Тоқаев «Ана тілі» газетіне сұқбат беріп, ол материал үлкен талқыға түскен.