Кейінгі жылдары психолог қызметіне жүгінетіндей көбейді. Бұл – ең әуелі өз ментал саулығы үшін алаңдайтындардың саналы әрекеті. Сұраныс артқанына байланысты маман да көбейді. Заманауи жаңашылдықтарға сай, қазір сауатты психолог пен психотерапевт маманды онлайн-сервистер арқылы да табуға болады. Ол арқылы үрей, қорқыныш, отбасылық мәселелер немесе күйзеліс және тағы да басқа кез келген сұрақ бойынша кәсіби көмектесетін маманды табуға болады. Бүгінгі материалда психолог таңдауға көмектесетін үздік сервистер мен маман таңдау критерийлері жайлы түсіндіріп, қандай қатеден сақтану керек екенін айтамыз.
Онлайн психотерапия қалай жұмыс істейді?
Онлайн-психотерапия сервистері клиенттерді психологтармен немесе писхотерапевттермен байланыстыру үшін арнайы әзірленген платформалар арқылы жұмыс істейді. Әдетте процесс клиенттің сол платформада тіркелуінен басталады. Әуелі адам сауалнама толтырып, неліктен терапиядан өткісі келетінін немесе қандай психологиялық мәселесін шекісін келетінін жазуы керек. Осы деректер негізінде жүйе сәйкес келетін маманды тауып беерді. Терапия клиентке ыңғайлы форматта өткізіледі, оның ішінен жазбаша, видеоқоңырау немесе аудиоқоңырау сияқты нұсқаларды таңдауға болады. Психологпен жұмыстың бұл түрі 2010 жылдары дами бастады, алайда COVID-19 пандемиясынан кейін аса танымал бола түсті, сұраныс та артты.
Психотерапия бойынша онлайн-сервистердің артықшылықтары
Қолжетімді. Онлайн-сервистер клиенттің қай жерде екеніне қарамастан көмек алуына мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, шағын қалалар мен шалғай елдімекендерде тұратын адамдар үшін қолайлы. Себебі ол жақтарда маман табу қиындау болуы мүмкін.
Қолайлы. Маман кеңесін саяхатта жүріп те, үйде отырып та, жұмыс кеңсесінде немсе тіпті жолда бара жатып та ала бересіз. Бұл, ең әуелі, уақыт үнемудеуге көмектеседі.
Құпиялылық. Онлайн формат деректерді құпия сақтауға мүмкіндік береді. Бұл офлайн кездесуге барып, психологтың қабылдауына жазылудан қысылатын адамдар үшін өте қолайлы.
Баға. Көбіне офлайн терапияға қарағанда онлайн көмек арзандау болып жатады. Себебі мамандар офис жалдау мен өзге де дүниеге шығындалмайды.
Қосымша материалдар. Көптеген платформа маман кеңесінен бөлек пайдалы материалдардың, вебинарлардың тізімін беруі мүмкін. Бұл терапияның тиімділігін арттыра түседі.
Психолог пен психотерапевт іздеуге арналған сервистер
- Sezim
Sezim – қазақстандық психологтардың онлайн-сервисі. Платформада 60-тан аса жоғары тәжірибелі психолог бар. Олар қазақ және орыс тілінде қызмет көрсетеді. Әрі қарай не істеріңізді білмей, болашағыңыз үшін алаңдап жүрсеңіз, жақындарыңызбен қарым-қатынаста қандай да бір қиындық барына уайымдасаңыз немесе жай ғана қолдау қажет болса, осы платформаға кіріп көрсеңіз болады.
Сервиске кіріп, алдымен қысқа сауалнама парағын толтырасыз. Одан соң жүйе сізге мамандар тізімін ұсынады. Өзіңізге ұнаған психологты таңдаған соң алғашқы сессияны өткізу үшін өзіңізге қолайлы уақытты таңдайсыз.
Кеңес беру құны – 12 000 теңге. Сессиялар видеоқоңырау форматында өтеді.
- ZumCare
ZumCare.kz – 45-тен аса жоғары тәжірибелі психотерапевт жиналған онлайн-сервис. Сервис тек Қазақстанда емес, сонымен қатар өзге де он шақты елдер қызмет көрсетеді.
Сервисте сессия құны 8 000 теңгеден басталады және адамның қажеті мен мәселесіне, терапияның қаншалық созылатынына қарай баға өзгеруі мүмкін.
Бұл сервисті байқап көру үшін де ең әуелі анонимді сауалнама парағын толтыруыңыз қажет. Ол жерде тек аты-жөніңіз бен не мәселе мазалайтыны сұралады. Осыдан соң маман мен алғашқы сессия уақытын таңдайсыз. Бір сеанс 55 минут болады.
- Harmonia.kz
Үйлесімді өмір сүру, кінә сезімінен арылу, өзіңізге деген сенімділікті қайтару, эмоциялық күюмен күрес, күйзелістен шығу және эмоцияны басқару үйрену – Harmonia.kz онлайн-сервисінің мамандары осы мәселелер бойынша көмектесуге уәде береді.
Аталған сервисте де ең әуелі сауалнама толтырасыз. Бір сессия құны – 15 000 теңге, ұзақтығы – 50 минут. Онлайн-сервистің мамандары нәтиже болуы үшін орташа есеппен бес сессия қажет болуы мүмкін екенін айтады.
- Psy-Chat.kz
Psy-Chat.kz — білікті психологтарды жылдам тауып беретін онлайн-сервис. Платформада маман таңдау шамамен бес минут уақытыңызды алады.
Платформа сынамалық 20 минут сессияны тегін алу мүмкіндігін ұсынады. Ол үшін сайтқа кіріп, тіркелу қажет. Осы 20 минутта маманды ұнатсаңыз, әрі қалай ақылы терапия туралы ойлансаңыз да болады. Бір сессияның орташы құны – 7500 теңге. Бұл платформада 120-дан аса маман бар.
Сессиялар Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы өтеді.
5. YouTalk
Платформаны тәжірибелі психологтар мен IT-мамандар бірлесіп әзірлеген. Қолданушы палтформаға кіріп, мәселесі мен қалауын анықтау үшін алдымен тестілеуден өтуі керек. Жауаптар негізінде жүйе бірнеше маман ұсынады. Осыдан кейін қолданушы сынамалық сессия үшін психолог таңдай алады.
Бағасы: сессиясына 10 500 теңге.
Платформаның интерфейсі ыңғайлы әрі қолданушылар арнайы қолданба арқылы жағдайы қаншалық жақсарып жатқанын да бақылап отыра алады.
6. TalkSpace
TalkSpace – ыңғайлы қолданбасының арасында кеңінен танылған халықаралық жоба. Бұл платформада қолданушы психологпен аудио немесе видеофрматта жұмыс істей алады. Бастысы, сервис тәулік бойы жұмыс істейді және бұл әлемнің кез келген бұрышындағы қолданушы үшін қолайлы.
Тек бұл платформадағы мамандармен жұмыс істеу үшін ағылшын тілін жетік білуіңіз керек. Қызмет құны аптасына 65 доллардан басталады.
Психологты қалай таңдаймыз?
Ең әуелі оның дәл сіздің мәселеңіз бойынша немесе осыған ұқсас кейстер бойынша тәжірибесі бар-жоғына мән беріңіз. Маманнан біліктілігін растайтын құжаттарды көрсетуін сұрауға қысылмаңыз. Сонымен қатар жоғарыда аталған сервистердің көбінде әр маман жайлы қолданушылар жазған пікірлер бар. Оларды да шолып шығыңыз. Өзіңізге қандай ыормат ыңғайлы екенін анықтап алыңыз. Алдын ала қаражатыңызды есептеп алуды ұмытпаңыз. Қызмет құны жоғары болса, сапасы да жоғары болады деген жаңсақ ойдан арылыңыз. Бірақ тым арзанға да құмартпаған жөн. Ең бастысы, сессияда өзіңізді қаншалық жайлы сезінетініңізге мән беріңіз. Іштегіні бүкпей айтуға қысылсаңыз, болмаса басқа да жайсыздықты сезінсеңіз, әрине басқа маманға жүгінген абзал.
Психологпен жұмыс істегенде қандай қате болуы мүмкін?
Нәтиже көруге асығу
Психотерапия – уақыт талап ететін процесс. Сондықтан бірінші сессиядан кейін бірден нәтиже көруге асықпаңыз. Жоғарыдағы тізімге енген сервистер де кемі бес сессия қажет дейді.
Кеңестерге құлақ түрмеу
Сессияларды ішіңіздегіні айтумен қатар маманның кеңестері бойынша қосымша жұмыс істеу де маңызды. Терапия – екі жақты іс. Сондықтан нәтиже болуы үшін маманның айтқанын елеусіз қалдырмаңыз.
Әу бастан маманды қате таңдау
Психолог ұнамайтынын сезсеңіз, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз дереу маман ауыстырған жөн. Әйтпесе осылайша тиімсіз сессияларға уақыт құртып, артық шығындалып қалуыңыз да мүмкін.
Қиын тақырыптарды қозғаудан қашу
Психологтар клиенттердің қиын тақырыптар жайлы айтудан қашқақтайтынын жиі айтады. Алайда дәл осындай мәселелер ашылған сессиялар жақсы нәтижеге жетуге көмектеседі.
Психолог таңдау бойынша қосымша кеңестер:
Психологпен жұмыс өнімді, нәтижелі болуы үшін тек маманның біліктілігі емес, сіздің де сессияға қосар үлесіңіз маңызды екенін түсінуге тырысыңыз. Ол үшін әуел бастан не мәселемен келіп отырғаныңызды айқындап алыңыз. Терапия аяқталғанда қандай нәтиже көргіңіз келетіні жайлы ойланып көріңіз. Бұл маманның да жұмысын жеңілдетеді.
Сонымен қатар үнемі қандай өзгеріс болып жатқанын, сессиялар не пайда беріп жатқанын бақылап, бір жерге түртіп отырыңыз. Мұның бәрін маманмен талқылап отыруды да ұмытпаңыз.
Терапия серіктестік екенін есте сақтаңыз. Екі тарап қаншалық белсенді болса, нәтиже соншалық жағымды болады.
Психолог таңдау – өмір сапасын жақсартуға әсер ететін маңызды қадамдардың бірін. Ал онлайн-сервистер бұл процесті оңай әрі тиімді етеді. Өз сұранысыңызға қарай түрлі платформаларды зерттеп көріңіз. Серіктестік нәтиже бермей жатса, маман ауыстырудан да қорықпаңыз. Бастысы – өзіңізге, жаныңыздың саулығына қамқорлық жасауды кейінге қалдырмаңыз. Осы жолдағы кішкентай қадамның өзі өміріңізге алапат өзгеріс алып келуі мүмкін екенін ұғыныңыз. Өміріңіздің дәл қазіргі кезеңінде қолдау іздеп жүрсеңіз тізімдегі онлайн-сервистерді бір шолып, кәсіби мамандарға жүгініп көріңіз. Бәлкім, бұл жаңа өмірге жасаған бірінші қадамыңыз болар, кім білсін?..