Қазақстанда халал ипотеканы қалай алуға болады?

Жарияланды
Халал ипотека Қазақстанда қолжетімді ме? /Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда баспана алу үшін тек дәстүрлі банктердегі ипотекадан бөлек халал ипотека да бар. Оның қандай артықшылығы бар және қай жерден алуға болады Kursiv.Media материалында ұсынамыз.

Халал ипотеканың ерекшелігі қандай?

Ислам немесе халал ипотека – шариғат негізінде жұмыс істейтін қаржыландыру түрі. Дәстүрлі ипотекадан айырмашылығы халал ипотекада пайыздық мөлшерлеме қосылмайды. Яғни пайызсыз ипотека деуге болады. Себебі ислам дінінде өсімқорлыққа тыйым салған. Ислам банктері пайызға несие бермейді, бірақ табыс табу үшін басқа механизмдерді қолданады.

Халал ипотеканың түрлері

Мурабаха. Бұл ипотекада банк тұрғын үйді сатып алып, оның үстінен белгілі бір баға қосып сатады. Мурабаханың ерекшелігі – барлық қаржы операциялары ашық көрініп тұрады. Тұтынушы банктің үй бағасына қанша қосқанын біледі. Қазақстанда дәл осы ипотека түрі танымал дейді Al Hilal банк өкілдері.

Иджара. Банк тұрғын үйді сатып алып, оны сатып алу құқығымен клиентке жалға береді. Клиент жалға алуды төлеп отырады және оған тұрғын үйді сатып алатын баға да қосыла береді. Белгіленген уақыт өткенде клиент барлығын төлеп, үйді өз меншігіне алады.

Мұшарака мутанақыс. Бұл әдісте банк тұрғын үйді борышкермен бірге иеленеді. Яғни банк пен клиент үйді қатар алады, содан кейін ол ақырындап банктің үлесін өзіне сатып алады. Соңында үйдің меншік иесі тек клиент қана болады.

Мәселен, банк пен клиент 100 мың долларға үй сатып алады, әрқайсысы 50%-дан қосады. Клиент кейінірек банктің 50% үлесін бөліп-бөліп төлеп, өзіне сатып алады.

Халал ипотеканы Қазақстанда қайдан алуға болады?

Әзірге елімізде шариғат негізінде жұмыс істейтін бір ғана банк бар. Ол – Al Hilal Bank. Банктегі халал ипотека шарттары:

  • Қаржыландыру нысаны – Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалалаларында пайдалануға берілген үйлер
  • Қаржыландыру сомасы – 3 000 000-нан 200  млн теңгеге
  • Бастапқы жарна – 30%-дан кем емес
  • Ипотека мерзімі – 3 жылдан 15 жылға дейін
  • Расталған табыс көлемі – клиент кем дегенде 200 мың теңге жалақы алуы керек
  • Жасы – 23 жастан бастап зейнет жасына дейін беріледі
  • Мәмілені рәсімдегені үшін берілетін комиссия көлемі – қаржыландырудың 0,5%-ы (150 мың теңгеден кем емес және 300 мың теңгеден көп емес)

Халал ипотека аясында қарызды бөліп төлеуге немесе мерзіміне дейін төлеуге болады. Сондай-ақ дәстүрлі ипотекадан халал ипотекаға қайта қаржыландыру жасауға рұқсат етілген.

«Отбасы Банктен» халал ипотека беріле ме?

Өткен жылдың соңында «Отбасы банк» 2025 жылы халал ипотеканы іске қосатынын хабарлаған.

«Біз Қазақстанда исламдық ипотекаға сұраныстың жоғары екеніне көз жеткіздік. Діни ұстанымдағы азаматтарымыз ақшаны өсімге алмауы, пайдаланбауы керек. Бірақ оларға да өзге азаматтарымызға сияқты жеке баспана қажет. Біз бір қоғам және мемлекетпіз, бізде діни сенім бостандығы бар және сенімі баспана мәселесін шешуге мүмкіндік бермейтін қазақстандықтарға қолдау көрсетуіміз керек», – деген еді бұл туралы «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Бірақ нақты уақыты әзірге белгісіз. Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл ипотеканы іске қосу үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп, қызметкерлерді оқыту керек. Бұл жұмыстар шамамен күзге қарай аяқталуы мүмкін.

Халал ипотека бәріне бірдей тиімді ме?

Ислам ипотекасында бастапқы жарна көлемі дәстүрлі ипотекаға қарағанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан барлығының бірдей қалтасы көтере бермеуі мүмкін.

Клиентке сатпас бұрын банк тұрғын үйді толығымен өзі сатып алады. Бірақ кейде тұтынушы ол үйді алмай, мәміледен бас тартатын жағдай кездеседі. Сол үшін банктер клиентті өте қатаң іріктеуден өткізеді.

Ал ислам банкінде жұмыс істейтін қызметкерлер ислам құқығынан да хабардар болуы тиіс. Сондықтан барлық банктерде бірдей исламдық өнімдер бола бермейді.

Ислам банкі тек мұсылмандарға арналған дегенді білдірмейді, басқа дін өкілдері де келіп ипотека ала алады.

Сондай-ақ оқыңыз