Түркістан облысында жантүршігерлік жол апатынан 6 адам қаза тауып, 4-уі ауруханаға түсті
Түркістан облысының полиция департаменті алты адамның қазасына соқтырған жол апаты туралы хабарлады.
Мән-жайы
Оқиға бүгін, 3 ақпанда Кентау-Түркістан тас жолының 5 шақырымында болған. «Ауди» маркалы екі бірдей көлік соқтығысып, салдарынан өрт шыққан.
Алдын ала мәліметтер бойынша, жеңіл көліктердің бірінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып екіншісімен соқтығысқан. Апат салдарынан 6 адам қаза тауып, 4 адам түрлі дене жарақаттарымен Кентау қаласының медициналық мекемесіне жатқызылды.
Тергеу
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайлары анықталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Оның нәтижесімен процестік шешім қабылданатын болады.
Полиция ескертуі
Түркістан облысының Полиция департаменті жүргізушілерді жол ережесінің талаптарын сақтауға, жылдамдықты асырмауға және қарсы жолаққа шықпауға шақырады.