2025 жылдың қаңтарындағы ҰБТ-ның аралық қорытындысы шығарылды. Алғашқы үш аптадағы сынақта 126 мыңға жуық талапкер тест тапсырған. Олардың ішінде қазақ тілінде тапсырғандар саны елеулі артқан.
Орташа балл
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл 67-ні құраған. Ең жоғары балл – 138, оны Шымкент қаласының оқушысы жинады. 150 талапкер 130 балдан жоғары балл алған.
Пәндер комбинациясы
Талапкерлердің басым бөлігі, яғни 17,8%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын таңдаған. 17,2%-ы «Математика-Физика», 10,4%-ы «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тест тапсырған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 149 адам тапсырған.
Тест тілі
Қатысушылардың 78,7%-ы тестті қазақ тілінде, 21,2%-ы орыс тілінде, 62 адам ағылшын тілінде тапсырған. Қазақ тілінің үлесі соңғы бес жылдағы көрсеткіштен жоғары болып отыр. Мәселен, 2020 жылы талапкерлердің 74,5%-ы сынақтан қазақ тілінде өтсе, 2021 бұл 75,5% шамасында болған. 2022 жылы жарты пайыздық өсім тіркеліп, талапкерлердің 76 пайызға жуығы тестті қазақ тілінде тарсырған. 2023, 2024 жылдары бұл көрсеткіш 1 пайызға түсіп, 75%–ды көрсеткен. Биыл бұл бірден 3,7 пайызға артып отыр.
Айта кетейік, қаңтар ҰБТ-сы 13 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Биылғы тестілеуге қатысуға 167 мыңға жуық талапкер ниет білдірген.
Бұған дейін, қаңтар айында жоғары оқу оқындарының ақылы бөліміне арналған ҰБТ өтетінін хабарлағанбыз.