2025 жылдың басында Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсім көрсеткенімен, оның қарқыны желтоқсан айымен салыстырғанда баяулады. Freedom Holding Corp. және S&P Global сарапшыларының деректеріне сүйенсек, жаңа тапсырыстардың көбеюі өндірістің артуына ықпал еткен. Дегенмен шикізат тапшылығы мен ұлттық валютаның әлсіреуі өндіріс шығынының артуына себеп болды.
PMI көрсеткіші: оң динамика сақталды
Өңдеу өнеркәсібі бойынша Қазақстанның PMI индексі 50.0-ден жоғары сақталып отыр. Қаңтар айында ол 51.5 деңгейін көрсетіп, желтоқсандағы 53.9 мәнімен салыстырғанда төмендегенімен, кейінгі 11 айда оң өзгерісті сақтап қалды. Бұл көрсеткіш бизнес ахуалының біртіндеп нығайып келе жатқанын білдіреді.
Жыл бойы жаңа тапсырыс артып отырғанымен, 2024 жылдың соңында өсу қарқыны баяулады. Қаңтар айында кәсіпорындар сұраныстың артуына байланысты өндірісті кеңейтуді жалғастырған.
Жұмыс орындарын ашу мен сатып алу белсенділігі де өсім көрсеткенімен, оның қарқыны айтарлықтай жоғары емес.
Баға инфляциясы және шикізат мәселесі
Теңгенің әлсіреуі өндіріс шығындарының өсуіне әкеп соғып, икізат пен электр энергиясының қымбаттауына алып келді. Дайын өнім бағасы да артқанымен, инфляция қарқыны 2024 жылдың маусымынан бері ең төменгі деңгейде болды.
Жеткізілім тізбегі біртіндеп тұрақтанғанымен, шикізат тапшылығы өндіріс процесіне әсер етіп отыр.
Болашаққа деген сенім жоғары
Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің жартысынан астамы алдағы 12 айда өндірістің өсетінін болжап отыр. Бұл – соңғы жеті айдағы ең жоғары сенімділік көрсеткіші.
Жаңа келісімшарттарға қол қою мен өндірісті кеңейтуге қатысты жоспарлар бизнестің оптимистік көзқарасын байқатады.
Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі алдағы уақытта да оң динамиканы сақтап, өндірістік белсенділіктің артуына мүмкіндік береді. Дегенмен шикізат бағасының өзгеруі, инфляция және ұлттық валютаның тұрақсыздығы өндіріс секторына әсер ететін негізгі факторлар болып қала бермек.
2024 жылдың соңында қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік төмендеген болатын.