Банк пен қаржы

Дүниежүзілік банк сарапшылары неге Қазақстанда ҚҚС мөлшерін көтеруді ұсынып отыр

Фото: shutterstock

Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанда ҚҚС-ты көтеруді ұсынып отыр. Биыл Қазақстанға әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуі және бюджет тапшылығы тереңдеу қаупі төніп тұр деп тұжырымдайды.

Банк «Ұзақ мерзімді инвестициялар үшін кірістерді арттыру» деген есебінде Қазақстанға ҚҚС ставкасын арттыруды қарастыруды ұсынды.

Халықаралық ұйым неге ҚҚС-ты көтеруді ұсынып отыр?

Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстандағы ҚҚС мөлшері басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен деп тұжырымдайды. Мәселен, бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде 20 пайызды құрайды.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай төмен мөлшерлеме бюджет кірісін арттыру мүмкіндігін шектейді.

Оған қоса, мемлекеттік қарыз қазір басқарылатын деңгейде болғанымен, ішкі қарыз алу құнының өсуі және бюджеттің Ұлттық қор қаржысына тәуелділігі – елдегі қаржы тұрақтылығына қауіп тудырады.

Сондықтан Дүниежүзілік банк мамандары салық реформаларының кешенді бағдарламасын қолға алу керек деп тұжырымдайды. Оған тиімсіз салықтық жеңілдіктерді біртіндеп жою, ҚҚС реформасы, экологиялық мақсаттарға сәйкес акциздерді реттеу және салық әкімшілігін жетілдіру шаралары кіреді.

Қазақстан сарапшылары не дейді

Алайда Мәжіліс депутаттары, экономистер мен заңгерлер қосымша құн салығын көтеруге қарсы. Мәселен, экономист Салтанат Абаева ҚҚС-ты «кедейлердің салығы» деп атап, салық көтерілсе, қымбатшылық орнап, халықтың тұрмысын қиындатады деп тұжырымдайды.

Ал Мәжіліс депутаттары үкіметтің ҚҚС-ты көтеру бастамасы қабылданса, елдегі көлеңкелі бизнестің үлесі артады деген пікірде. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қосымша құн салығы көтерілсе, бизнес көлеңкеге кетіп, болмаса кәсібін бөліп тастауы мүмкін дейді.

Сонымен қатар заңгерлер қосымша құн салығының шегін төмендетуге қарсы петиция жариялады. Олар бұл реформа елдері шағын және орта бизнесті тұралатып кететінін жазады.