Болат Назарбаевтың букмекерлік кеңсесі бар қызы туралы не белгілі?

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Ақбота Болатқызы Назарбаева туралы не білеміз?
Ақбота Болатқызы Назарбаева туралы не білеміз? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаева 2000 жылы дүниеге келген. Жас болғанына қарамастан, атына бірнеше бизнес жазылған кәсіпкер деуге келеді. KursivMedia Ақбота Болатқызының атына тіркелген мүлікті түгендеп шықты.

Компаниялары

Ақбота Назарбаева атында қазір үш компания тіркелген: RUS Trans Oil ЖШС, BN-E Capital Group ЖШС және Asiabet ЖШС

  • Ойын бизнесі
Egov

Asiabet букмекерлік компаниясы 2020 жыл құрыла салып, Назарбаеваның атына жазылып, ол құрылтайшы әрі директор болған. Компанияның құмар ойындарын ұйымдастыру және бәс тігу шараларын өткізу туралы рұқсаты бар. Алматы қаласы Қазыбек би көшесі, 139, 2 корпус бойынша тіркелген.

Ресми тіркелгеніне 5 жыл өткеніне қарамастан, компанияның салық төлегені туралы ақпарат жоқ. Мемлекеттік кірістер комитетінде де Ақбота Болатқызының атында тұрған букмекер бюджетке мүлдем пайда түсірмеген. 

  • Тасымалдау және сауда компаниясы
Egov

Назарбаеваның атындағы ең ірі компания деп RUS Trans Oil компаниясын айтуға болады. Ол 2009 жылдың қазан айында құрылған. Ақбота Болатқызы 2020 жылы құрылтайшылар қатарына қосылып, 2021 жылы компанияның жалғыз иесіне айналған. Компания Алматыдағы Райымбек даңғылы, 481в мекен-жайында тіркелген. 

Kompra

Компания көлік-экспедициялық қызметтер, монтаждау жұмыстарын, тауарлардың кең ассортиментін сату, автомобильдер мен жеңіл автокөліктердің көтерме саудасы, қара және түсті металл кендерінің көтерме саудасы және құрылыс-монтаж жұмыстары сынды қызметтер көрсетеді.

Мемлекеттік кірістер комитетіндегі ақпаратқа сәйкес, компания соңғы рет 2020 жылы салық төлеген. Сол жылдағы салық мөлшері 7 733 теңге болған.

  • Көтерме сауда
Egov

Әдетте Болат Назарбаевтың балаларына қатысы бар компаниялардың атауында «BN» инициалы (BN – Болат Назарбаев деген мағынада) жүреді.

Ақбота Назарбаеваның да атында осы тектес компания бар: BN-e Capital Group ЖШС. Компания 2020 жылы құрылған Назарбаевның атына 2021 жыл өткен.

Кірістер комитетінің мәліметіне сәйкес, көтерме сауда айналысатын компания салық төлеп, мемлекет қазынасын толықтырмаған.

Даулы істер

2020-2022 жылдары Ақбота Болатқызы Tolagai 2050 атты компанияның 49% үлесіне иелік еткен. Назарбаеваның бұл компанияға қатысы бары бірнеше жобаның жұмысында қате шыққанда жария болды.

  • Солтүстіктегі шекара бекеттері

Tolagai 2050 компаниясы Солтүстіктегі шекара бекеттері мен бөлімшелерін жаңартуға және қайта салуға жауапты болған мердігер компанияның бірі. Объектілер 2023 жылы тапсырылуы тиіс болған. Алайда мердігер жұмыстың 60% ғана орындағандықтан, жобаны тапсыру 2025 жылдың соңына қалдырылған. Тіпті Шекара қызметі осы мәселеге байланысты шара қолдануды сұрап, жауапты билік өкілдеріне бірнеше рет шағымданған.

  • Бөгеттер

Бұл компания елдегі бірнеше өңірде су тасқынына қарсы бөгет салуға және қайта жөндеуге тендер ұтып алған. Бұл туралы мәжіліс депутаты Айдос Сарым айтқан еді. Олардың ең шулысы Алматы маңындағы Ақсай өзенінің бассейнінде бөгет салу ісі. Жоба құны 22 млрд теңгеден асқанымен Төтенше жағдайлар министрлігі 2023 жылдың шілдесінде бірқатар бұзушылықтардан кейін келісімді бұзған.

  • Суару желілері

2024 жылдың қаңтар айында Алматы облысының әкімдігі Іле және Жамбыл аудандарында суару желілерін жаңарту үшін тендер ойнатқан. Құны 37 млрд теңге болатын жобаны Tolagai 2050 компаниясы жеңіп алған. Кейін KursivMedia сауалына жауап бергенде облыс әкімдігі Назарбаеваның компанияға қатысы жоғын айтқан (шыныменде бұл тұста Ақбота Болатқызы компанияға иелік етпеген).

Сондай-ақ оқыңыз