Lifestyle

Режиссер Ерлан Төлеутай «Қазақфильмнің» режимдік объектіге айналуына кінәлілерді атады

Режиссер Ерлан Төлеутай Қазақфильм басшылығын сынады / kursivmedia мұрағаты
Режиссер Ерлан Төлеутай «Қазақфильм» басшылығын сынады / kursivmedia мұрағаты

Белгілі режиссер әрі актер Ерлан Төлеутай «Қазақфильм» киностудиясының басшылығын сынға алып, оның режимдік объектіге айналғанын айтты.

Фестивальдер дауы

Facebook парақшасына жазба қалдырған режиссер мәселенің «Әбіл» фильмін еуропалық кинофестивальдерге жіберу кезінде ушыққанын жазған. «Қазақфильмге» Айдар Омаров басшы міндетін уақытша атқарушы болып келмей тұрып, авторлардың фестивальге баруы, виза алуы шараларымен киностудия мен Мәдениет министрлігі айналысқан. Алайда Омаровтың кезінде фестивальдерге фильм авторлары өз қаражатына барып, ал мемлекеттің қаржысына фильмге тікелей қатысы жоқ «Қазақфильм» басшылығымен қызметкерлері баратын болған.

«2024 жылы Франция, Америка, Бусан, Нидерланд, т.б. елдерде өткен халықаралық кинофестивальдер аясындағы маркеттерге «Қазақфильм» атынан тек орыс тілінде ғана сөйлей алатын, сол маркеттерге негізгі қажет ағылшын тілінен марқұм, әрі кино шығармашылыққа түк қатысы жоқ қызметкерлер (вице-президент, менеджер, бухгалтер, т.б) дым бітірмей барып қайтты. Ал киноны туғызушы – авторлар (режиссер, сценарист, актер, т.б ) бұл нығметтерден ұйымдастырылған түрде құр қалдырылуда. Алайда мұндай қолдан жасалған кедергілерге қарамастан, авторлар халықаралық фестивальдерге өз қаражатымен барып қайтып жүр. Айтыңызшы, осы әділет пе?» – деп сұраған жазба авторы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан.

Ол «Қазақфильм» режимдік объектіге айналып бара жатқанын айтып, бұған министрді кінәлады. Айтуынша, жоғарыда аты аталған Айдар Омаровты осы қызметке Балаеваның өзі әкеліп қойған. Алты айдан бұрын басшының қызметін атқарушы етіп, әлі күнге жаңа басшы тағайындамаған.

Киногерлер наразылығы

Актердің сөзінше, Омаровпен кездесу мүмкін емес. Шақырған кездесуге келмей, кейінге қалдыратынын айтып сынаған. Оның «кертартпа» қылығы мемлекеттік идеология үшін маңызды жобаларға кедергі жасап жатқанын айтқан. Айтуынша, киногерлердің ашуына тию арқылы Омаров оларды наразылық акциясына шығуға мәжбүрлеп отыр.

«Біз мұндай қорлық пен кемсітушілікке ешқашан төзбейміз және еш уақытта бұған жол бермейміз. Қазақстанның Киногерлер Одағы ұлттық киноның қарашаңырағы – «Қазақфильмде» болып жатқан барлық келеңсіздіктерді назарында ұстайды және өз наразылығымызды ашық білдіреміз», – деп жазды режиссер.

Ерлан Төлеутай өзінің қазір «Әбіл» фильмін Еуропа жұртшылығына таныстырып жүргенін жазған. Ол режиссер Елзат Ескендірдің фильмінде басты рөлде ойнаған.

Айта кетейік, осыған дейін фильм ұжымы бірнеше халықаралық кинофестивальге бару үшін Франциядан виза ала алмай жатқанын жазып, дабыл қаққан. Мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыға түскеннен кейін түсірілім тобына виза берілген.

2024 жылдың тамызында киностудияны уақытша басқаруға келген Айдар Омаровтың басы қараша айында да дауға қалған. Киногерлер ол «Қазақфильмге» тиесілі ғимаратты сатпақ болды деп дабыл қағып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялаған.