Илон Маск USAID-ты «қылмыстық ұйым» деп атап, жабылуын талап етті
Америкалық кәсіпкер Илон Маск АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігіне (USAID) қатысты қатаң мәлімдемелер жасады. Ол әлеуметтік желідегі X парақшасында USAID-ты «қылмыстық ұйым» деп атап, оның жабылатын уақыты келгенін жазды.
«USAID — қылмыстық ұйым. Оның уақыты өтті», — деп жазды Маск X желісінде.
Сонымен қатар, ол агенттікті «Американы жек көретін радикалды солшыл марксистердің ұясы» деп сынға алды.
Бұл мәлімдемелер АҚШ үкіметінің USAID-ты қайта құрылымдау немесе жабу туралы жоспарларымен сәйкес келеді. Трамп әкімшілігі агенттікті Мемлекеттік департаментке қосу мүмкіндігін қарастырып отыр.
USАID-тың негізгі әлеуметтік желідегі аккаунты жойылып, веб-сайты өшірілді. Сондай-ақ, көптеген қызметкерлерін жұмыстан шығарды.
Айта кетейік, USАID — әлемнің 100-ден астам елінде миллиардтаған долларлық гуманитарлық, даму және қауіпсіздік көмегін басқаратын АҚШ-тың негізгі агенттігі.
Бұған дейін, USАID бағдарламалары тоқтайтын болса Қазақстан қалай әсер ететіні туралы жазған едік.