25 жыл бұрын екі адамды өлтірген күдіктілер ұсталды – ІІМ

Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері осыдан 25 жыл бұрын екі адамды өлтіріп, жазасыз кеткен тапсырыс беруші мен орындаушы адамды құрықтады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кім ұсталды?
«Ішкі істер министрлігі прокуратурамен бірлесіп, 25 жыл бұрын Оралда болған адам өлтіру қылмысын ашты», – делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда күдіктілер ұсталған. Олардың бірі қылмысқа тапсырыс берген адам, екіншісі – орындаушы.
Оқиғаның мән-жайы
Күдіктілер 200 жылдың желтоқсан айында Орал қаласының екі тұрғынына қасақана оқ атып, салдарынан екеуі де қаза тапқан. Бұл қылмысқа екі тараптың қаржылай жауы себеп болған. Полиция мәліметінше, тапысырыс беруші мен қаза тапқан адамдар ұзақ уақыт бойы қаржы мәселесін шеше алмай келген. Содан екінші тарап, бұл мәселені қылмыстық жолмен шешуге тырысқан.
Қылмыс қалай ашылды?
ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтың айтуынша, сол кезде күдіктілерге қатысты тікелей дәлелдер болмаған. Салдарынан қылмыс ұзақ жылдар бойы ашылмай келген.
«Алайда жедел-тергеу тобының мұқият жұмысының арқасында оқиғалар тізбегін қалпына келтіріп, күдіктілерді анықтау мүмкін болды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында олардың қылмысқа қатыстылығын растайтын қосымша айғақтар алынды. «Заң және Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету жұмысы ерекше бақылауда», – дейді ІІМ өкілі.
Бұл қылмыстық іс «Алдын ала сөз байласу бойынша топтың екі немесе одан да көп адамды өлтіруі» бабы бойынша жүргізіліп жатқаны айтылады.