Полиция малды ұрлықтан сақтау үшін GPS трекер орнатуды ұсынады

Ішкі істер министрлігі малды ұрлықтан сақтау үшін GPS трекерлер орнатуды ұсынды. «Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл туралы» брифингте министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев малды ұрылардан сақтаудың бірнеше амалымен бөлісті.
«Малды ұрлықтан сақтау үшін Ішкі істер министрлігі қарапайым ережелерді ұсынады. Біріншіден, малды қараусыз қалдырмау керек. GPS трекерлерді орнату арқылы бақылаудың замануи әдістерін қолданыңыздар. Малға ен салып, таңбалауды және чиптеуді де ұмытпаңыздар», – дейді ІІМ өкілі.
Ал нарықта GPS трекерлердің бағасы 3500-4000 мың аралығында. Арзандары ит-мысық секілді үй жануарларына пайдаланылса, ірі-қараға арналғандары қымбатырақ тұрады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы республика бойынша 1026 мал ұрлығы тіркелген. Бұл іске қатысты 89 қылмыстық топ құрықталып, 4 мыңнан астам мал иелеріне қайтарылған. Жалпы 2023 жылмен салыстырғанда, мал ұрлау фактілері 2024 жылы 30,5%-ға азайған.