Каспийде итбалықтардың қырылуына не себеп болғанын министрлік әлі анықтаған жоқ
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/death-of-seals-gibel-tyulenej-1024x576.png)
Каспийде итбалықтардың қырылуына теңіз ортасының ластануы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы KursivMedia редакциясына Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасы хабарлады.
Бірінші болжам – теңіздің ластануы
«Гидробиология және экология институтының мамандарының айтуынша, теңіз жануарларының өлімінің болжамды себептері теңіз ортасының ластануы болуы мүмкін», – делінген жауапта.
Басқарма мәліметінше, жануарлар ағзасынан қауіпті жұқпалы аурулар да анықталмаған. Гидробиология және экология институты, Итбалықтарды зерттеу және оңалту орталығы, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы сынды ғылыми ұйымдар зертханалық зерттеулер жүргізу үшін ішкі ағзалардың, азу тістердің және тері астындағы майдың тіндерін ішінара іріктеп алған.
2024 жылдың 13 қарашасынла ПТР әдісімен іріктелген сынамалар ауруларға зерттеліп, бруцеллез, пастереллез, сальмонеллёз, туберкулез, листериоз, кампилобактериоз, құтыру ауруы, Ньюкасл ауруы, құс тұмауы, жыртқыш обасына тексерілген. Алайда барлық үлгілер бойынша аурулар расталмаған.
«Сонымен қатар, қосымша зерттеулер жүргізілді олардан да аурулар табылмады. Бұдан бөлек «Казгидромет» РМК-ы, Каспий теңізінің жағалау аймағында су сынамаларын алған. Өткізілген зерттеулердің нәтижесінде қандай да бір көрсеткіштердің асып кетуі анықталған жоқ», – деп хабарлайды басқарма.
Екінші болжам – нейровирус
Сонымен қатар, редакция министрліктен итбалықтардың қырылуына нейровирустың себеп болу мүмкіндігі туралы сұрады. Министрлік бұл болжамды жоққа шығармады. Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының зертханасының зерттеуінің алдын ала нәтижелеріне сәйкес, бірқатар өлген жануарларда иммунитет тапшылығы аясында нейровирустық инфекциясы анықталған.
«Алайда, бұл тек бір ғылыми ұйым алған алдын-ала нәтижелер. Гидробиология және экология институты сияқты басқа ғылыми-зерттеу институттары жануарлардың жаппай өлімінің себептерін зерттеуді жалғастырады», – деп түсіндірген басқарма.
Сала мамандары бұл вирустың тек судағы сүтқоректілерде ғана кездесетінін және басқа жануарларға жұқпайтынын айтады. Ал итбалықтар өлімінің түпкілікті себебі барлық ғылыми ұйымдардың деректерін жинақтап, кешенді талдау жүргізген соң белгілі болады.
Айта кетейік, бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев талдау нәтижесі 2025 жылдың қаңтарында белгілі болатынын айтқан болатын. Сонымен бірге министр теңіз жануарларының неден қырылғанын білмейтінін жеткізді.
Ал Микробиология және вирусология ғылыми орталығының зертхана меңгерушісі Айдын Қыдырманов сүтқоректілердің қырылыуына нейроинфекция әсер еткенін мәлімдеді.